Түркияға ресми сапармен барған Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесуде Фетхуллах Гүлен және оның жақтастарына қарсы күресу туралы келісімге келді. 

Соңғы бірераптада қырғызстандық БАҚ Анкара билігі жағынан экстремист ретінде аталған, Америка Құрама Штаттарында тұратын Фетхуллах Гүлен туралы айыптау сипатындағы ақпараттар көбірек таратылды. Бұның себебі Қырғызстан мен Түркия басшыларының кездесуінен кейін белгілі болды. Екі ел басшысы террорлық ұйымдарға, оның ішінде ФЕТО-ға қарсы күресуде ынтымақтастық орнатқанын мәлімдеді.

Жаплы Садыр Жапаровты Түркия жылы қарсы алды. Бірлескен баспасөз жиынында Ердоған: "Түркия қырғыз елі мен үкіметін қолдайтынын құрметті президентке де тағы бір мәрте жеткіздім. Саяси тұрақтылық бағытында Қырғызстанмен әрбір қадамымыз бірге болады", – деді. Бұған қоса тараптар келіскендегідей ФЕТО экстремистік тобына қарсы ортақ күресте жеңіске жететіндеріне сенім білдірді.

Ердоған жетекшілік еткен қазіргі түрік билігі 2016 жылы жүзеге аспай қалған әскери төңкеріске түрік діни ғұламасы Фетхуллах Гүленді және оның жақтастарын айыптайды. Анкара Гүлен мен оның жақтастарын ФЕТО деп атап, ел ішінде тыйым салған террорлық ұйым қатарына кіргізген.

Ал, ұзақ жылдардан бері АҚШ-та тұратын Гүлен болса өз мәлімдемелерінде бұл төңкеріске еш қатысының жоқ екенін айтып келеді.

Бұған дейін Түркия Қырғызстан үкіметінен ФЕТО-ға қатысы бар деп тауып, елдегі "Себат" лицейлерін жабуды талап қылып келген, Дегенмен, қырғыз билігі бұл лицейлерді ешқандай қауіпті емес деп танып, Қырғызстанның Білім беру министрлігінің бақылауына берген.

Жапаровтың кезекті сапарында Анкара тарабынан бұндай талап қайталанғаны туралы ресми мәлімет жоқ. Жақында Қырғызстандағы "Себат" лицейлерінің президенті Орхан Инанды із-тұссыз жоғалып кеткен. Бұл Қырғызстанда үлкен ақпараттық аңыс тудырған оқиғалардың бірі болды. Аталған лицей оқытушылары мен оқушылары, ғылыми қызметкерлері наразылық акцияларын қазірге дейін жалғастырып келеді. Олардың арасында  үкіметті Орхан Инанды туралы мәліметті жасырып отыр деп айыптағандары да болды.

“The Qazaq Times”