Еуроодақ Қырғызстанның Баткен облысында қарулы қақтығыстан қаза болғандардың отбасына 170 мың еуро (17 млн сом немесе шамамен 260 мың доллар) көлемінде гуманитарлық көмек береді.
ЕО-ның Қырғызстандағы өкілдігі қаржылай көмек Баткен облысында қақтығыстан қатты зардап шеккен ауданда тұратын кемінде алты мың тұрғынға берілетінін хабарлады. Көмек Қырғызстандағы Қызыл ай ұйымы арқылы үлестіріледі.
"Тұрғындарға бұдан бөлек, бүлінген үйлерді жөндеу үшін материалдар, алғашқы көмек заттары, гигиена, тұрмыстық заттар беріледі" деді Еуроодақтың Қырғызстандағы өкілдігі.
28-30 сәуірде қырғыз-тәжік шекарасында болған қарулы қақтығыстан 154 адам зардап шеккен, 36 адам қаза болған. Арасында балалар да бар. Тәжік билігі 19 адамның мерт болғанын, 87 адамның жараланғанын хабарлады.
Қырғызстанның Баткен облысында 136 үй, бірқатар мектептер мен шекара бекеттері қираған. Шамамен 58 мың адам үйлерінен қашуға мәжбүр болған. Тәжікстан 14 үйдің толық қирағанын, екі үй мен бір шаруашылық нысанының жартылай бұзылғанын хабарлады. Шамамен 15 мың адам қақтығыс аймағынан эвакуацияланған. Екі тарап бір-бірін кінәлап, ауыр баптар бойынша қылмыстық іс қозғады.