Сириядағы президент сайлауында Башар Асад 95,1% дауыс жинап, төртінші мерзімге президент болып сайланды.
Мәліметтер бойынша, сайлаушылардың қатысу көрсеткіші 78% болған. Саяси додада барлығы 3 үміткер бақ сынады. Жергілікті оппозиция және Еуропалық одақ пен АҚШ сайлау заңсыз және әділетсіз өтті деп мәлімдеді.
Қазіргі президент Башар Асад елді жиырма жылға жуық уақыт басқарып келеді. Азаматтық соғыс кезінде оның билігі өзіне қарсы оппозция жетекшілерін қудалап, қинауға алды деп те айыпталған болатын.
Бұдан тура он жыл бұрын сириялықтар Башар Асад билігіне наразылық білдіріп, демократиялық талаптармен көшеге шыққан болатын. Оның нәтижесі азаматтық соғысқа алып келді. Бұдан пайдаланған террорлық топтар да Сүрия жерлерінде «Ислам мемлекетін» құруға тырысты. Он жылға жалғасқан соғыс былтыр наурыз айында ғана толастады. Ресейдің қолдауына ие болған Башар Асад Сүрияның түгелге жуық аумағына қайта билік орнатқан.