Грузияда қайтыс болған қазақстандық Әсел Айтпаеваның өліміне күдікті ретіне оның жездесі Мұрат Мейірбеков ұсталып, Астанадағы тергеу изоляторына қамалды. Бұл ақпаратты кеше, 16 мамырда ішкі істер министрлігіне тиесілі polisia.kz сайты хабарлады.
"Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті Грузияда қайтыс болған Қазақстан азаматы А.Айтпаеваның ата-анасының М.Мейрбековке қатысты шара қабылдау туралы арызының негізiнде Қылмыстық кодестің 128-бабы (Адам саудасы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудi бастады. Ауыр қылмыс жасады деп күдiкке ілінген М.Мейрбеков ұсталып, Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінiң уақытша ұстау изоляторына қамалды" делінген сайт таратқан хабарламада.
Әсел Айтпаева 5 мамыр түнде Грузия астанасы Тбилисиде қайтыс болған. Оның мәйітін көпқабатты үйдің маңынан тапқан. Грузия тергеушілері қыздың зорланғанын мәлімдеген. Тбилиси полициясы күдікті ретінде Грузияның 57 жастағы азаматы Бесик Тордуаны қамауға алғаны хабарлаған. Оған "адам зорлады" және "суицидке жеткізді" деген айып тағылды.
Грузия бас прокуратурасы Мұрат Мейірбековке де сырттай айып таққан. Прокуратураның дерегінше, Тордуа қызды зорлаған, кейін Айтпаева сегізінші қабаттың балконынан секіріп кеткен.
"Азаттықтың Грузин қызметі Тордуаның тергеуінің көшірмесін ала алған. Ол тергеуде қазақстандық серіктесімен сәуірдің басында "Қазтрансавто" компаниясын құрғанын, ал Әсел Айтпаева жездесі Мейірбековтің шақыруымен 27 сәуірде келгенін айтады. Тордуаның түсіндіруінше, Айтпаева басында Мейірбековпен тұрған, кейін Айтпаева оған Мейірбеков өзін екі рет зорлағанын айтқан. Тордуаның сөзінше, "Мейірбеков тиіскен соң" Айтпаева оның үйіне тұруға келген. Тордуа 4 мамырда Айтпаевамен келісім бойынша жыныстық қатынасқа түскенін, кейін өзі душқа кеткенде Айтпаева үйде болмағанын айтқан" деп жазды Азаттық радиосы.