Көктем туғалы Қазақстанда 107 мыңдай сырқат тіркеліп үлгерді. Республиканың үшінші толқында қызыл аймаққа өткеніне ай толды. Күнделікті анықталып жатқан науқастар саны екі мыңнан, ал өлім жағдайы 20-дан азаяр емес. Бұл пандемия кезіндегі ең ауыр көрсеткіш.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 28 сәуір коронавирус (КВИ+) жұққан 2883 адам, ал 27-сі күні коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 112 адам тіркелді. Қазір елде 42,5 мыңнан аса адам (КВИ+ бойынша 42 038, КВИ- бойынша 488) ауырып жатыр.
#COVID ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастардың басым бөлігі әдеттегідей Алматы қаласы (695) мен астанада (584) тіркелді. Бұдан өзге Қарағанды (258), Алматы (185), БҚО (153), Ақмола (140), Ақтөбе (128), Павлодар (112), Атырау (110) облыстары және Шымкентте (114) дерт дендеп тұр. Өткен тәулікте аурудан айыққан 2850 адам үйіне жіберілген. Бұдан өзге бейсенбіде жиыны 17 адам қайтыс болған.
#COVID_пневмониясы 27 сәуірде ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 112 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, Алматы (26), Жамбыл (24) облыстары және Алматы қаласында (13) көптеп тіркелген. Сонымен қоса, 83 адам айығып шыққан, тағы 5 адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 42 526 науқастың 14,7 мыңы ауруханада, 27,8 мыңы амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 760 науқастың жағдайы қиын, ондағы 199 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 114 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Осылайша әзірге вирустың таралу қатері жағынан СҚО, Қостанай мен Түркістан облысы «жасыл аймақта». Алматы, ШҚО, Жамбыл, Маңғыстау облыстары «сары», ал Атырау, Ақмола, Ақтөбе, БҚО, Павлодар, Қызылорда, Қарағанды облыстары, Шымкент, Алматы қаласы мен астана «қызыл аймақта» тұр.
Үкімет мәліметінше, осы көктемде геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық және оңтүстікафрикалық штамдары анықталған.
Елде қаңтар айының екінші және ақпан айының алғашқы жартысында науқастар қатары күрт көбейген. Ақпан айының екінші жартысында біршама кеміген еді, десе де наурызда қайта артты. Қазір тәулігіне кемінде 2,5 мың сырқат және 20 шақты өлім жағдайы тіркеліп жатыр. Сәуір айында табылған кейстер саны – 66 мың сырқат және 615 өлім жағдайы. Бұл тұтас наурыз айынан 32 мыңға артық. Жалпы көктемнің екі айында 101 мың (КВИ+ 98 мың, КВИ- 3 мың) науқас анықталды, 981 адам (КВИ+ 827, КВИ- 154) өмірден қайтты.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 317 мыңға, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 53 мыңға тақаған. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 366 мыңға жуықтаған. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 6048-і (КВИ+ / U07.1 – 3638, КВИ- / U07.2 – 791, ілеспе аурулардан – 1619) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған. Ескерер жайт, министрлік 2020 жылы КВИ- статистикасын есепке алмас бұрын жылдағыдан үш есеге өскен пневмонияның 256 мың жағдайынан (былтырғы қаңтар-шілде аралығындағы) коронавирустық түрін анықтап-зерттеуден бас тартқан. Мамандар осы кейстерді объективті түрде зерделегенде шынайы есеп қазіргіден әлдеқайда көп болар еді деп есептейді. Демек жоғарыдағы сан да нақты болмауы мүмкін.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 47-орында тұр.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 1 млн 92 мың адам коронавирусқа қарсы ресейлік Sputnik V және отандық QazVac вакцинасының алғашқы дозасын алған.