Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті Шымкент қалалық мәдениет үйінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізіп жатыр. Бұл жайлы департаменттің редакциямызға жолдаған ресми жауабында айтылған.
«Департамент бастамасымен қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағаттар басқармасы және оған бағынысты «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымының қызметінде аудиторлар мен қоғам мүшелерін тарта отырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіліп жатыр. Сыртқы талдау шеңберінде Наурыз мейрамы мерекелік іс-шараларын өткізуге арналған мемлекеттік сатып алу рәсімдері жан-жақты қаралатын болады» делінген департаменттің редакцияға жолдаған ресми жауап хатында.
Аталған хатта «жүргізілген талдаудың нәтижелері қосымша хабарланатыны» айтылған. Алайда департамент ол ақпаратты нақты қай уақытта хабарлайтынын анық жазбаған.
Шымкент қалалық мәдениет үйінің Наурыз мерекесіне 595 млн теңге жұмсағаны қоғамда шу тудырған. Аталған ұйымның Наурыға орай түрлі іс-шаралар өткізу үшін 7 компаниямен келісімшарт жасасқанын журналистер мен мемлекеттік сатып алу саласын зерттеушілер анықтаған. Алайда ұйым басшысы Сәкен Майғазиев, Шымкент қаласы әкімнің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қоғам шуынан кейін баспасөз жиынын өткізіп, наурызға 595 млн теңге жұмсалмағанын айтты, бірақ оны дәлелдеп бере алмады.