Украина мен Ресей арасындағы шиеленіске байланысты Ұлыбритания мамырда екі әскери кемесін Қара теңізге жібереді. Бұл туралы Sunday Times хабарлады.
Бұған дейін АҚШ шиеленісті азайту үшін мұндай жоспарлардан бас тартқан болатын. Уашингтон мен Еуропа елдері Украинамен шекаралас аймақтарға Ресей әскери күштерінің орналасқанына алаңдаушылық білдіріп отыр. Бұл жағдай жөнінде ресми Лондон мен оның одақтастары «Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын» қолдайтынын айтты.
Ресей Украинамен қарым-қатынасы ушыққан тұста Қара теңізде әскери-теңіз флотының бір бөлігін ұстап отыр. Мәскеудің айтуынша, онда қазір әскери жаттығулар өтіп жатыр. Ресей әскери жаттығуға сілтеп Керчь бұғазын шетелдік кемелер үшін жауып тастады. Украина кемелері де осы бұғазды пайдаланатын. Ал Киев Ресейдің бұл шешімін заңсыз деп санайды.
Зениттік зымырандармен қаруланған 45 типті екі жойғыш кеме және 23 типті сүңгуір қайыққа қарсы фрегат біраз уақытқа Жерорта теңізіндегі Корольдік әскери-теңіз флотының тасымалдаушы тобынан шығып, Босфор арқылы Қара теңізге бет алады.
Топтың флагмандық кемесі – HMS Queen Elizabeth тасымалдаушысы Босфордан өте алмайды. Оның бортында F-35 жойғыш бомбалаушылары мен Merlin тікұшақтары бар. Ұлыбритания Қорғаныс министрлігінің өкілі британ үкіметі Украинамен тығыз жұмыс істеп жатқанын және Ресейден шиеленісті бәсеңдетуді талап ететінін айтты.