АҚШ-тың бірқатар бұрынғы лауазымды тұлғалары кеше, 14 сәуір Тайуанға (Тайвань) сапарлай бара салысымен, Қытай Әскери-теңіз күштері Тайуан аралының оңтүстік-батысында әскери жаттығу өткізетінін және жаттығуда шынайы оқтарды пайдаланатынын мәлімдеді. Бейжің бұл әрекеті арқылы Уашингтонның Тайуанға болған қарым-қатынасына наразылығын білдіруде.
Қытай жағының әскери жаттығуын Гуаңдұң (Гуандун) Теңіз қауіпсіздік басқармасы жария етті. Оңтүстігі Хайнан аралынан басталып, солтүстігі Тайуан бұғазындағы Пың аралына дейін аумақты қамтитын әскери жаттығу бүгіннен бастап 5 күнге жалғасады. Әр күні таңғы 8-ден, кешкі 6-ға дейін жүргізілмек.
Қытай тарабы әскери жаттығу бастаудан бір күн бұрын АҚШ-тың бұрынғы сенаторы Крис Додд және бұрынғы мемлекеттік хатшының орынбасарлары болған Ричард Армитаж бен Джеймс Стейнберг бастаған делегация Тайуандағы сапарын бастаған. «Ресми емес» делінген сапарды Reuters агенттігі «Тайуанның демократиясын қолдауға деген адалдығын білдірген Байденнің жеке сигналы» деп бағалаған.
Тайуан президентінің баспасөз қызметі жасаған мәлімдемеде, президент Цай Иңвын ханым америкалық «аға делегация өкілдерімен» бүгін сағат 10-да кездесу өткізген.
АҚШ пен Қытай арасындағы арбасқан жағдайда Тайуан күннен күнге маңызды бола түсуде. Егер Уашингтон мен Бейжің қатынасы осы күйде сақталса Тайуан АҚШ пен Қытайдың қақтығыс нүктесіне айналатыны бұған дейін де айтылып келген. Демек, Тайуанға қатысты бұндай «ал қайтесің» әркеттер алдағы уақытта да қайталануы мүмкін.