Дания – AstraZeneca компаниясы әзірлеген вакцинадан толығымен бас тартқан Еуропадағы бірінші ел. Вакцинаны қабылдаған соң тұрғындардың қан айналымы нашарлап, тромбтар түзілген. Осыдан кейін Дания билігі аталған вакцинаны егуді тоқтатты.
Енді елдегі вакциналау науқаны Pfizer мен Moderna компанияларының препараттарымен жалғасады.
Осы аптада Германияның Ауруларды бақылау агенттігі осы екпені салдырған 42 адамды зерттеп, олардың қаны қоюланғанын анықтаған. Сондықтан Германия билігі «АстраЗенека»-ны жасы 60-қа толмаған азаматтарға салмау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ Норвегияның мемлекеттік ақпарат құралы медициналық зерттеу нәтижесінде коронавирусқа қарсы егілген 5 адамның қаны ұйып, тромбоциттер табылғанын мәлімдеді. Бірақ Даниядан басқа мемлекеттер әзірге AstraZeneca компаиясымен жасалған келісімшарттың күшін жойған жоқ.
Еуропалық дәрілік заттар агенттігі (EMA) 29 қаңтарда AstraZeneca вакцинасын қолдану туралы шешім қабылдаған. Мамандар препаратты 18 жастан 64 жасқа дейінгі адамдарға қоюға болатындығын растады. Алайда, оның 65 жастан асқан адамдар үшін тиімді болатындығы туралы мәліметтер жеткіліксіз.
15 наурызда Нидерланд билігі AstraZeneca екпесінің жанама әсері туралы хабарланғаннан кейін, осы препаратпен халықты вакцинациялау процесін тоқтатып тастаған еді. Ал оған дейін Ирландия, Исландия, Дания және Норвегия осындай шешім қабылдаған болатын.
Мамандар AstraZeneca екпесімен қатар, бельгиялық Janssen (Johnson & Johnson брендіне тиесілі) компаниясы өндірген коронавирусқа қарсы екпеден бас тартуға шақырып отыр. Кеше АҚШ-та Азық-түлік пен дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы мен Ауруларды бақылау орталығы Johnson & Johnson компаниясының вакцинасын қолдануды тоқтатуды ұсынды. Аталған екпені қабылдаған 6 адамда қанның ұюы тіркеліп, біреуі көз жұмған. Осы мәселеге байланысты бүгін Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының Иммундау тәжірибесі жөніндегі комитеті шұғыл отырыс өткізеді. Бірақ қанның ұюы нақты неден болғаны әзірге дәлелденген жоқ. АҚШ-та қазірге дейін тұрғындарға осы вакцинаның 6,8 миллион дозасы салынған.
Әлемде Janssen мен Novavax екпесі үшінші сынақ кезеңінен өтіп, нәтижесін ресми түрде жариялаған бес вакцинаның қатарына енген. Бұған дейін Pfizer/BioNTech (АҚШ/Германия), Moderna (АҚШ), Oxford/AstraZeneca (Ұлыбритания) екпелері сынақ кезінде жоғары тиімділік көрсеткен. Үш екпе де әлемнің біраз елінде мақұлданды. Ресейлік Спутник-V екпесі де бірнеше мемлекетте мақұлданды. Pfizer/BioNTech екпесі мен Moderna вакцинасының тиімділігі 95% деп хабарланды. Ал Oxford/AstraZeneca вакцинасының тиімділігі 62-90% деп жарияланды.