Кеше, 11 наурызда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Өзбекстандағы ресми сапарын бастап, президент Шавкат Мирзиеевпен кездесті. Тараптар, өзбек пен қырғыз қарым-қатынасын баянды дамыту туралы кеңесіп, дипломатиялық байланыстарды одан сайын нығайтуды, екі үкімет арасындағы мәмілені күшейтуді талқылады.
Садыр Жапаров Өзбекстан сапары барысында жаңа 22 келісімге қол қойған. Олар негізінен екі ел арасындағы су және энергетика, қауіпсіздік және аткезшілікке (контрабандалық) қарсы күресу секілді мазмұндарды қамтиды.Өзбек пен қырғыз жетекшілері кездесуден кейін жасаған мәлімдемелерінде, талқының негізінен сауда-экономикалық байланысты дамытып, екі тараптан да кәсіпкерлерге, сауда жобаларына мүмкіндіктер ашып беру туралы сөйлескендерін айтқан. Президент Жапаров мәлімдемесінде Қырғызстан тарабы сауда көлемін 2 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу міндетін алғанын атап өткен.
Өзбекстан билігіне Шавкат Мирзиеев келгеннен кейін оған дейін тым жақсы болмай тұрған өзбек-қырғыз қатынасы жақсара бастады. Соңғы 3- жыл ішінде Тәшкент пен Бішкек мәмілелерді дамытуда көп ілгері басты. Өзбекстанның қазіргі билігі өз кезегінде Қырғызстандағы жағдайға назар аударып отырғанын аңғартып келеді. Былтыр қазанның бас шенінде болған Қырғызстандағы саяси дағдарыс тұсында да Тәшкент тарабы алдымен мәлімдеме жасап, тараптарды мәмілеге келуге шақырып еді. Бұған қоса Тәшкент билігі пандемия кезінде де Қырғызстан мен Тәжікстанға қаржылай және материалдық көмек бергені бар.
Садыр Жапаров Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевпен бірлескен мәлімдеме жасады. Қырғыз басшысы бұл сапарында өзбек үкіметінің бірқатар жоғары жетекшілерімен де кездесуді жоспарлаған.