Демалыс күндері Қытайдың бомбалаушы және шабуылшы ұшақтары Оңтүстік Қытай теңізіндегі Тайуан бақылауындағы аралдардың кеңістігінде ұшты. Жауап ретінде Тайуан тарабы да екі күн қатарынан жойғыш ұшақтарын кеңістікке көтерді. Қытайдың Тайуан әуе қорғаныс күштеріне қысым түсірген әрекеті былтыр күзден бері толассыз жалғасып келеді.

Тайуан (Тайвань) Ұлттық қорғаныс министрлігі жасаған ресми мәлімдемеде Қытай Әскери-әуе күштеріне тиесілі 8 жауынгерлік ұша пен  ядролық қару тасымалдауға қабілетті 2 H-6 бомбалаушы ұшағы және бір суасты кемесі  20 ақпан сенбі күні  Тайуан бақылауындағы Пратас (Pratas Islands) аралдарының маңында жаттығу өткізген. Тайуан Ұлттық қорғаныс министрлігі Қытай ұшақтарына ескерту жасау үшін қатарынан екі күн жойғыш ұшақтарын Пратас аралдарының кеңістігіне шығарғанын айтқан.

Тайуан тарабы бұған қоса қытайлық ұшақтардың әрекетін бақылау үшін зымыран жүйелерін де іске қосқанын мәлімдеді. Тайуан үкіметінің мәліметіне қарағанда, Оңтүстік Қытай теңізіндегі жаттығуға Қытайдың әскери-теңіз күштері де қатысқан, бірақ олар туралы анық мәлімет берген жоқ.

Бейжің демалыс күндеріндегі бұл әрекеттеріне қатысты ресми түсініктеме жасамаған. Ал, АҚШ Қорғаныс министрлігінің өкі сенбідегі мәлімдемесінде Бейжіңді тағы бір мәрте «Тайуанға әскери, дипломатиялық және экономикалық қысым жасауды тоқтатуға», «Тайуанның сайланған өкілдерімен мағыналы диалог жүргізуге» шақырды.

“The Qazaq Times”