Демалыс күндері Қытайдың 12 әскери ұшағы Тайуан (Тайвань) кеңістігіне кіріп, Тайуанның әуе қорғаныс күштерін әбігерге салды. Сенбі күні АҚШ Мемлекеттік департаменті Тайуанға әскери, дипломатиялық және экономикалық қысым түсіріп отыр деп Қытайды айыптады. Сондай-ақ, Тайуанды «табанды болуға» шақырды.

АҚШ Мемлекеттік департаменті жариялаған жазбаша мәлімдемеде Қытайдың Тайуанды қамтыған көрші елдерге қысым көрсету әрекетіне алаңдаушылық білдірген. «Біз Қытайды Тайуанға бағыттаған әскери, дипломатиялық және экономикалық қысымдарын тоқтатып, Тайуан халқы сайлаған үкімет жетекшілерімен мағыналы диалог орнатуға шақырамыз», – делінген Мем. департамент мәлімдемесінде.

Соңғы кездері Қытайдың Тайуанға бағытталған әскери қысымы жиілей түсті. Тайуан бұғазындағы әскери қимылдардың жиілігі артты. Бірнеше айдан бері Қытайдың әуе күштері Тайуан бұғазына және Платас аралдарына күн сайын кіріп, Тайуан әуе қорғаныс күштеріне қысым көрсетеді. Тайваньның Ұлттық қорғаныс министрлігі сенбіде (23 қаңтарда) Қытай Халық-азаттық армиясы Тайуан бұғазының оңтүстік-батысындағы алдын алу және бақылау идентификациялық аймағына басып кіру үшін сегіз H-6K бомбалаушы және төрт J-16 реактивті жойғыштарын жіберді деп хабарлады. Бұл жыл басынан бері Қытайдың Тайуанға бір мезетте ең көп соғыс ұшағын жіберуі. Тайуан Ұлттық қорғаныс министрлігі мәлімдемесінде 2020 жылдың өзінед Қытай ұшақтарының Тайуан кеңістігіне кіруі 380 рет қайталанған.

АҚШ өзінің Үнді-Тынық мұхитындағы одақтастары мен мүддесін қорғау үшін стратегиясын табанды жүргізетінін, бұл бағытта демократиялы Тайуанмен қарым-қатынасты барған сайын тереңдете түсетінін жеткізген. Айталық, АҚШ-тың жаңа билігі Бейжіңді Тайуан бұғазы мәселесін бейбіт жолмен шешіп, Тайуан халқының еркіндігі мен талап-тілегіне құрмет етуге шақырған.

“The Qazaq Times”