Джозеф Байденнің жаңа әкімшілігі Қытайдың АҚШ-тағы 28 тұлғаға санкция енгізу туралы шешімін негізсіз деп таныды. Бұл туралы Ақ үйдегі Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің (ҰҚК) өкілі Эмили Хорн мәлімдеді.
Ресми өкіл: «Қытай билігінің бұл әрекеті жаңа президенттің ұлықтау рәсіміне тура кеп тұр және олар екі партия арасында алауыздық туғызу мақсатында жасап отыр деп санаймыз. Президент Байден Американың Қытаймен бәсекелестікте жеңе алуы үшін екі партияның жетекшілерімен бірлесе жұмыс істейді», – деді.
Қытай СІМ бұған дейін «Қытайдың егемендігіне нұқсан келтірмек болған» 28 адамға қарсы санкция енгізетінін хабарлаған. Бұл тізімге Мемлекеттік хатшы Майк Помпеодан басқа сауда жөніндегі ұлттық кеңестің басшысы Питер Наварро, президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Роберт О ' Брайен, АҚШ-тың БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Келли Крафт, АҚШ Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Алекс Азар және АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі экс-кеңесшісі Джон Болтон бар.
Мәлімдемеде аталған адамдарға, олардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ олармен байланысты компаниялар мен ұйымдарға Қытай, Гонконг және Макао аумағына кіруге, сондай-ақ ҚХР-да іс жүргізуге тыйым салынатыны айтылған.
Сейсенбіде АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын «геноцид және "адамзатқа қарсы қылмыс» деп мәлімдеген. Мемлекеттік хатшысы лауазымына үміткер Энтони Блинкен де бұл бағалаумен келісетінін айтты. Осыған жауап ретінде ҚХР СІМ өкілі Хуа Чуньин Помпео «әлемдегі күлкілі сайқымазаққа айналды» деген.