Кеше АҚШ Ішкі қауіпсіздік департаменті өзінің Қытай қатеріне қарсы іс-қимыл жоспарларын жария еткен болатын. Онда Құрама Штаттардың ұлттық қауіпсіздігіне зиян келтіретін қытайлық студенттер, ғалымдар мен кәсіпкерлердің, команиялардың қимылына шектеу қою шаралары қарастырылған. Осымен қатар АҚШ тарабы Қытайдың ұлттық компанияларын қара тізімге кіргізгенін мәлімдеді.

Ішкі қауіпсіздік департаментінің жоспары бойынша, ұлттық мүдделерді қорғау мақсатында аталған департамент департаментаралық және халықаралық іс-қимыл алып баратынын да мәлімдеген. Айталық, АҚШ-тың өзге департаменттерімен осы бағыттағы жұмыс үйлесімділігін күшейтіп, керек болса халықаралық ұйымдар мен одақтас серіктес елдермен де ынтымақтасатынын жеткізген.

АҚШ Сауда және Қазына департаменттері мәлімдемесінде Қытайдың Ашық теңіз мұнай компаниясы (CNOOC) ұлттық мүддеге қауіп төндіргені үшін санкция тізіміне алынғаны айтылған. Соған қоса қытайлық Skyrizon компаниясы Қытайдың қорғаныс саласымен байланысы бар компаниялар қатарында аталған.

CNOOC компаниясы Қытайдың ашық теңізде мұнай өндіретін ең ірі ұлттық компаниясы. Ол Қытайд мен Оңтүстік Шығыс Азия елдері арасындағы даулы Оңтүстік қытай теңізінде де ірі көлемде мұнай кендерін ашқан әлеуетті кәсіпорын. Құрама Штаттар тарабы аталған компанияны Оңтүстік қытай теңізінде Бейжіңнің аталған теңізге шектесетін елдерді үркітіп-қорқыту әрекетіне қолдау көрсеткен деп айыптады. Ал, Skyrizon компаниясы Қытай қорғаныс саласына әскери ұшақ қозғалтқыштарын өндірген деп айыпталған.

“The Qazaq Times”