Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов аймақтағы эпидемия жағдайы бақылауда екенін мәлімдеді.
«Облыста коронавирус дертіне байланысты жағдай оңай болмай тұр. Бүгінге дейін барлығы 14 мыңнан астам науқас анықталды. Қазір 659 адам ауруханада емделіп жатыр. Науқастардың апталық өсімі 1,7%», – деп хабарлады әкім Ахметов.
Оның айтуынша, шектеу шараларының арқасында жағдай оң жаққа өзгере бастағаны байқалады.
Қараша айы басталғалы бері R репродуктивті көрсеткіш 1,85-тен 0,97-ге дейін кеміген. Ал қолданылыстағы төсек-орын саны бойынша 31,1%-дан 17,6%-ға дейін босаған. Коронавирустың таралуын алдын алу және жедел шаралар қабылдау мақсатында вирус ошақтарын оқшаулау және залалсыздандыру орталығы құрылғанын айтады. Облыста 15 компьютерлік томография тәулік бойы жұмыс істейді. 1 желтоқсаннан бастап қосымша 3 аппарат іске қосылады деп жоспарланған. Пандемия басталғалы өңірде 355 мың ПТР-тесті жүргізілген. Оқу басталғалы бері 410 оқушыдан коронавирус анықталған.
Әкімнің сөзіне сенсек, облыста толық медициналық құралдармен жабдықталған 6,2 мың төсек-орын дайын. Індеттің бірінші толқынына қарағанда төсек-орын саны 12 есеге, реанимациялық төсек-орын саны 10 есеге артқан. Жедел жәрдем қызметінің паркі 216 көлікпен толықтырылған.
Даниал Ахметов өңірде карантинді қатаңдату жоспарда жоғын айтады. Осы енгізілген шектеу шараларын жеткілікті деп санайды.
Ол екі апта ішінде коронавирустың жұқтыру деңгейін азайтуға болатынына сенімді.
«Біз тәулік бойы жұмыс істеп жатырмыз. 7 қарашада 353 жағдай анықталса, бүгін 242. Аурушаңдық көрсеткішінің күрт төмендегенін айғақтайтын позитивті статистика десек болады. Сондықтан менің тұжырымдарым дәрігерлер мен барлық аудан әкімдерінің жүргізген жұмысының нәтижесіне негізделгенін айтқым келеді», – дейді ол.
16 қараша күні президент Тоқаев «Бірқатар облыстарда коронавирус індетіне қатысты жаңа жағдайларды жасыру деректері анықталғанын» мәлімдеген. Президенттің сөзінше, статистика бұрмаланған аймақтардың қатарында ШҚО, СҚО, Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстары бар. Ахметов өзі басқаратын аймақта жасырылған фактілер жайлы нақты дерек айтпады. «Мен осы жауапқа тапсырма бердім. Біріншіден, қазір коронавирусқа қарсы күрес жүріп жатыр. Аз уақыттан соң, мәселе дұрысталғаннан кейін тексереміз» деді редакция тілшісінің сұрағына.
Індет ошағына айналған ШҚО-да аурудың беті қайтпай тұрғаны белгілі. 20 күннен бері локдаунға алынса да өңірдегі ахуал әлде де тәулігіне кемінде 200-ден астам науқас анықталған, жағдай жақсармаған. Әлеуметтік желіде жасыру фактісіне қатысты тараған қазан айының соңындағы ресми есепте көрсетілгендей 200 емес, одан әлдеқайда көп болуы ықтимал деген долбар-пікірдің рас-өтірігін сұрадық.
Әкім шамданыңқырап жауап берді: «Сіз келіңіз. Мен сізге автокөлік беремін. Барлық ауруханаларға барыңыз. Бүгінгі таңда 659 науқас жатыр. Барыңыз, көріңіз. Ондай ешқандай құпия мәселе жоқ. Мен сізді тосамын».
«Біздің міндетіміз айыптыларды іздеу емес, президент тапсырмасын орындау. Мен аз уақыт аралығында атқарған жұмыс пен нәтижесін ашық айттым. Біз қазір осы мәселені шешумен айналысып жатырмыз. Осыдан соң бұл жағдай міндетті түрде егжей-тегжейлі анықталып, кінәлілер жауапқа тартылатын болады», – деп жауап берді Vlast тілшісі Тамара Ваальдің сауалына.