25 қазанда Минск пен елдің басқа қалаларында жүз мыңнан астам адам шеруге шықты. Бұл жолы билік наразыларға кедергі болу үшін граната, қару қолданған. Беларусь оппозициясының президент Лукашенкоға жариялаған ультиматумы өз нәтижесін берген жоқ. Енді елде жалпыұлттық ереуіл басталмақ.
Оппозиция атынан Светлана Тихановская 26 қазанға дейін Лукашенконың отставкасын, саяси тұтқындарды босатуды және көшедегі зорлық-зомбылықты тоқтатуды талап еткен. Алайда ультиматум нәтижесіз: билік халықпен диалог жүргізудің орнына күш қолданып, оқ атты.
Жергілікті басылымдарға сұхбат берген Тихановская: «Бүгін режим қолынан күш қолдану ғана келетінін тағы бір рет дәлелдеді. Алайда көпке және перзентхана терезесінің түбіне құлақ тұндыратын граната лақтыру – күш емес. Режим шындықты айтып, өз сөзіне жауап беруге және адамдардың талаптарын орындауға дайын емес. Демек, бұл режим белорус халқына лайық емес», – деп мәлімдеді.
Беларусьтегі наразылық шерулеріне екі айдан астам уақыт өтті. 9 тамызда өткен президенттік сайлауда ОСК Александр Лукашенконың 80% -дан астам, ал Светлана Тихановская 10% -дан сәл артық дауыс жинағанын жариялаған. Кейіннен Беларусь оппозиция өкілдері сайлау нәтижесін жойып, қайтадан сайлау өткізуді талап етті. Ресми мәліметпен келіспеген халық та жаппай наразылық акциясына шықты, ал билік оларды аяусыз басумен болды. Беларусьтегі «демократия жолындағы күрес» әлі де жалғасып келеді.
Александр Лукашенко мен оның жақтастары сайлау әділ өтті деп санайды. Ал Еуропалық одақ пен АҚШ наразылық шерулерін қолдап, Беларусь билігінің бірқатар өкілдеріне санкция енгізу туралы шешім шығарды. Ал Қазақстан билігі Александр Лукашенконы алғашқылардың бірі болып, сайлаудағы «жеңісімен» құттықтаған.