Халықтың несиесі жыл басынан бері 3,7%-ке өсіп, 6,9 трлн теңгеге дейін жеткен. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаев мәлімдеді.

Оның ішінде тұтынушылық қарыз 0,6%-ке төмендеп, 4,2 трлн теңгені маңайлаған. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалардың есебінен ипотекалық қарыздар 14,6%-ке артып, көлемі 2 трлн теңгеге дейін ұлғайған.

Экономикаға салынған кредит биыл тамыздың соңында 2,4%-ке (немесе 328,2 млрд теңгеге) өсіп,  14,2 трлн теңге болған. Ұзақ мерзімді кредиттер 3,1%-ке (372,3 млрд теңге) артып, 12,2 трлн теңгеге дейін өсіпті. Қысқа мерзімді кредиттер  керісінше, 2,2%-ке  қысқарып,  оның көлемі  2 трлн теңгені көрсетті.

Бизнестің несие портфелі биылға 1,2%-ке көбейіп, 7,3 трлн теңгеге жеткен.

 «Бизнеске берілетін теңгедегі кредиттер бойынша ставка тамыз айында 11,9% (2019 жылғы тамызда 11,9%) болды, оның ішінде қысқа мерзімді кредиттер бойынша – 11,6% (былтыр да 11,6%), ұзақ мерзімді кредиттер бойынша тамыз айында 13,4%-тен 12,8%-ке дейін төмендеді, – деді Бас банкир.

Бұған дейін Мәжіліс депутатыАманжан Жамалов Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованыңатына депутаттық сауал жолдап, несие тарихын «нөлге теңестіруді» және қарызын өтеген  борышкерлерді банктің қара тізімінен өшіруді ұсынған болатын. Депутаттың пайымдауынша, мұндай шешім тұрғындарды пайыздық мөшерлемесі өте жоғары қарыз беретін МҚҰ мен ломбардтарға ұрынып қалудан сақтайды.

Бұған дейін мәжілісмендер заңда шағын қаржы ұйымдары беретін несиенің пайыздық мөлшерлемесін төмендету керектігін қарастыру мәселесін көтерген еді.

"The Qazaq Times"