Қырғызстан астанасында күзет күшейтіліп, әскери қызметкерлер, полиция және халық жасақтары қоршауға алған. Бұл туралы қалалық ІІБ хабарлады.
Ведомство хабарламасында: «12 қазан таңертеңнен бері астанадағы ахуал тұрақты. Бішкек қаласы тәулік бойына Қарулы Күштердің, ішкі істер органдарының және азаматтардың қоғамдық қауіпсіздігі мен тәртіпті қорғауды қамтамасыз ететін халық жасақтарының қорғауында», – делінген.
Мәліметтерге сүйенсек, қазір елде көлік қозғалысы қалыпты режимде жүріп жатыр. Барлық кәсіпкерлік объектілер мен мемлекеттік мекемелер толық көлемде жұмысқа шыққан.
4 қазанда Қырғызстанда парламент сайлауы өтті. 6 қазанға қараған түні сайлаудан кейін Парламентке өте алмаған партия өкілдері Бішкекте наразылық шеруін ұйымдастырып, мемлекеттік органдардың ғимараттарын басып алды. Сол күні экс-президент Алмазбек Атамбаевты және басқа да бірқатар саясаткерлерді тергеу изоляторынан шығарды. Елдегі тұрақсыздықтан кейін ОСК сайлау қорытындысын жарамсыз деп таныды.
Бішкекте төтенше жағдай жариялаған президент Сооронбай Жээнбеков партия басшыларын саяси процесті құқықтық арнаға қайтаруға шақырып, Үкімет пен премьер-министрдің отставкаға кетуі туралы Жарлықтарға қол қойды. Сағат 21:00-ден таңғы 05:00-ге дейін Бішкекте коменданттық сағат енгізілді.
11 қазанда Қырғызстанда митингтер мен әртүрлі акциялар ұйымдастыруға да тыйым салынған. Соған қарамастан, республиканың жаңа премьер-министрі болып сайланған Садыр Жапаровтың жақтастары орталық алаңға жиылып, өз көшбасшыларын қолдау шарасын өткізді. Ал экс-президент Алмазбек Атамбаев қайта қамауға алынды. Күштік құрылымдар оған қарсы бұрынғы тағылған айыптарына қоса, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген дерек бойынша іс қозғады.