Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басқарма төрағасы Риза Боранбаева Қазақстанда екі бірдей баланың кавасакиге ұқсас аурудан қайтқанын хабарлады. Бұл туралы Азаттық радиосы жариялады.
Дәрігерлердің айтуынша, ата-аналар балаларын ауруханаға кеш жеткізген. Екі және үш жастағы балалар емханаға қызыл жегі ауруының белгілерімен түскен. Дәрігерлер олардың өміріне араша бола алмаған.
Қайтыс болған екі балаға бірнеше апта бұрын COVID-19 инфекциясы жұққан. «Қазір артерияға әсер ететін кавасаки синдромына ұқсас қабыну синдромы корнавирустың жаңа түрімен ауыратын балаларда пайда болып жатыр» дейді дәрігерлер.
Риза Боранбаева елде кавасаки синдромына ұқсас көпжүйелі (мультисистемалық) қабыну синдромынан 41 бала шалдыққанын, оның 37-сі жазылып шыққанын мәлімдеді. Сондай-ақ, айыққан балалардың бойында антидене қалыптасқан.
Дәрігерлердің сөзінше, коронавирустың кез келген деңгейімен (ауыр, орта, жеңіл) ауырып-айыққан бала кавасакиге ұқсас көпжүйелі қабыну синдромымен ауруы мүмкін. COVID-19 инфекциясынан жазылып шыққан күннің өзінде де 2-6 апта аралығында баланың дене қызуы көтеріліп, бөртпе пайда болса, бірден дәрігерге жүгінуі тиіс.