Қытай басшысы мен билікті ашық әрі батыл сынап келген қытайлық жылжымайтын мүлік магнаты Рын Жычиян (Рен Чжицян/Ren Zhiqian) 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған жемқорлық, пара алу және мемлекеттік компания қызметкерлерінің өкілеттіктерін асыра пайдалану секілді айыптар тағылған.

Рын Жычиян Қытай билігі мен мемлекет басшысын қатаң сынап келген санаулы ірі кәсіпкердің бірі. Билікке деген сын пікірлеріне қарата оның «Қызыл зеңбірек» деген лақап аты да бар. Прокуратура оған 1,25 млн юань (шамамен 184 мың АҚШ доллары) көлемінде пара алып, мемлекет қазынасынан 50 млн юань ұрлады деген айып таққан. Бейжіңдегі орта дәрежелі халық соты шығарған шешімде оны 18 жылға бас бостандығынан шектеумен бірге, 4,2 млн юань (шамамен 620 мың АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салған.

Рын Жычиян наурыз айында Қытай үкіметі мен билік өкілдерін, олардың коронавирус пандемиясындағы әрекеттерін айыптаған болатын. Оның мақаласы Қытай басшысы Ши Жинпиңның теле-жолдауынан кейін жарияланған, алайда онда Қытай басшысының аты аталмаған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қытай билігі жемқорлыққа қарсы күресті диссиденттерді жазалауға қолданып жатыр деп айыптайды.

Рын Жычиян бұрын құрылыспен айналысатын Hua Yuan Property Company атты мемлекеттік компанияға жетекшілік еткен. Мемлекеттік компанияға басшылық еткен тұста оның жоғары дәрежелі лауазымды тұлғалармен жақын байланыста болғаны анық. Оның мақаласы жарияланғаннан кейін оған қарсы тергеу жүргізіліп жатқаны туралы хабарлар тараған. Кейін Қытай Коммунистік партиясы оны партия қатарынан шығарған.

Қытайда үкіметті жалпылама сынау, пікір айту бір басқа да, лидерді, оның өзінде де оны «императорға ұқсағысы келетін жалаңаш сайқымазаққа» теңеу бір басқа. Әрине, бұл лидерлерін «халықтың құтқарушы періштесі», «жердегі жарты құдай» ретінде көретін қалың халық үшін ашық күнде жай түскенмен бірдей сөз. Оның үстіне қазір Қытайда Мао дәуірі секілді «Күн көсемге табындыру» күшті белең алған. Коммунистік партия билігі үшін алғанда да, өз қатарындағы бұрынғы мемлекеттік компания жетекшісінің наразы пікірі кешірілмес айып боп саналады.

“The Qazaq Times”