Александр Лукашенко Беларусь президенті ретінде қызметіне кірісті. Ширек ғасырдан астам уақыт ел басқарған президенттің кезекті ұлықтау рәсімі дәл қазір Минсктегі Тәуелсіздік сарайында өтіп жатыр. Ал АҚШ, Канада және Еуропалық одақ елдері сайлау нәтижесін және Лукашенконы легитимді президент ретінде мойындаудан ресми түрде бас тартты.

БелТА агенттігінің хабарлауынша, президент ұлықтау рәсіміне жүзден астам адам шақырылған. Олардың қатарында жоғары лауазымды шенділер, Өкілдер Палатасының депутаттары және республика кеңесінің мүшелері, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, жергілікті атқарушы және өкімші органдардың, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, ғылым, мәдениет және спорт қайраткерлері бар.

Ел Конституциясына сәйкес президент мынадай мазмұндағы ант бергеннен кейін қызметіне кіріседі: «Беларусь Республикасының президенті қызметіне кірісе отырып, халыққа адал қызмет етуге, адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге және қорғауға, Беларусь Республикасының Конституциясын сақтауға, өзіме жүктелген жоғары міндеттерді абыроймен және адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін».

Конституцияға оң қолын қойып, Александр Лукашенко Беларусь тілінде ант берді. Содан кейін ол ант беру туралы актіге қол қойды. Беларусьтің сайлау және республикалық референдумдар жөніндегі орталық комиссиясының төрағасы Лидия Ермошина Александр Лукашенкоға Беларусь Республикасы Президентінің куәлігін табыс етті.

Александр Лукашенконың отставкасын талап еткен наразылық шаралары 9 тамыздан бері өтіп келеді. Наразылар президент сайлауының қорытындысы бұрмаланды деп есептейді. Беларусь Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, қазіргі мемлекет басшысы Александр Лукашенко 80,10% дауыспен жеңіске жеткен. Оның басты бәсекелесі, оппозиция атынан қатысқан Светлана Тихановская 10,12% дауысқа ие болған.

Кейіннен Тихановская сайлау қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясына шағым түсірді. Экзит-полдың нәтижелері 9 тамыз кешке жарияланғаннан кейін Минсктің орталығында және республиканың кейбір басқа қалаларында жаппай наразылық шерулері басталды. Шеруге шыққандарды құқық қорғау органдарының қызметкерлері соққыға жығып, көз жасаурататын газ қолданған.

АҚШ пен Еуроодақ белорус билігінің әрекетін сынап, дауыс ұрлау мен күш қолдануға қатысы бар шенеуніктерге санкция қолдану мәселесін қарастырып жатыр. Санкция 21 қыркүйекте күшіне енуі тиіс еді. Алайда тараптардың пікірлері ортақ болмағандықтан, Беларуське санкция енгізу мәселесі тағы кейінге шегерілді. Ал Беларусь оппозициясының өкілі Светлана Тихановская Лукашенко мен оның тобына (заңды және жеке тұлғалар) қарсы қатаң қаулы қабылдауды ұсынып келеді.

Лукашенконы «кезекті айқын жеңісімен» бірінші боп құттықтаған мемлекеттер қатарында Қытай, Ресей, Қазақстан Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан басшылары бар.

"The Qazaq Times"