Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бүгін пандемия кезінде коронавирус пен оның пневмония түрін жұқтырған 1 727 медицина қызметкеріне және қайтыс болған 24 кадрдың туыстарына мемлекет тарапынан өтемақы төленгенін хабарлады.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бір аптада (14-21 қыркүйек) 240 медқызметкерге 2 млн, ал қызмет барысында ауырып-қайтқан 4 адамның туыстарына 10 млн теңгеден біржолғы әлеуметтік төлемді берілген.
Өтемақы төлеу туралы шешімді өңірлер мен үш мегаполистердің денсаулық сақтау басқармалары жанындағы арнайы комиссия қабылдайды. Ал өтінімдерді жинақтауды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жүзеге асырады. Мамандар өтінім тіркеу және рәсімдеу механизмінің жетілмегенін, жекелеген істер баяу қаралатынын айтады.
COVID-19 вирусын жұқтырған және оның асқынған түрі пневмонияға шалдығып, төлем алған медқызметкерлердің аймақтардағы саны:
астанада – 393,
Алматы қаласында – 373,
Шымкент қаласында – 102,
Қарағанды облысында – 115,
Ақмола облысы – 107 маман.
Пандемия басталғалы бері Қазақстанда мыңдаған медқызметкер вирус жұқтырып, ондағаны өмірден өткен. Бірақ билік олардың бәріне бірдей өтемақы бермейді. Қызметтен тыс кезде жұқтырғандарды сұрыптап төлейді. Сарапшылар талғау-тексеру тетігі өтемақыны азайтудың амалына айналды деп санайды.