Ресей президенті Владимир Путин Алексей Навальныймен болған оқиғаның мән-жайын тергеу үшін арнайы комиссия құрмақ. Бұл туралы Путинмен сөйлескен Италия премьер-министрі Джузеппе Конте хабарлады.
Il Foglio газетіне сұхбат берген Конте: «Президент Путин Ресейде тергеу комиссиясын құруға ниет білдіріп, оппозиционерге кімнің қастандық жасағанын анықтаймын деп сендірді. Сонымен қатар Германия билігімен жұмыс істеуге дайын екенін білдірді», – дейді.
Италия премьер-министрінің айтуынша, Навальныймен болған оқиғаны тергеуде Ресей мен Еуропалық одақтың ынтымақтастығы маңызды. Мұндай өзара іс-қимыл Ресей мен ЕО арасындағы қатынастардың теріс салдарынан сақтайды. «Ынтымақтастық – бұл Еуроодақ пен Ресей арасындағы қарым-қатынас үшін осы драмалық оқиғаның жағымсыз салдарын болдырмау үшін ең жақсы құрал», – деді Конте. Ол Италия барлық еуропалық серіктестер сияқты болған оқиғаның егжей-тегжейін толық анықтап, жауаптыларды табу керек деп санайды.
Путин мен Конте соңғы рет 26 тамызда телефон арқылы сөйлескен. Содан кейін тараптар Беларусь пен Ливиядағы жағдайды талқылап, коронавируспен күресте ынтымақтастықты жандандыруға келіскен. Сонымен қатар Путин Навальный төңірегіндегі жағдайға байланысты негізсіз айыптауларға жол берілмейтінін атап өтті және Ресей болған оқиғаны объективті тергеуге мүдделі екенін айтты.
20 тамыз Томск қаласынан Мәскеуге бет алған оппозиционер саясаткер Алексей Навальный бортта жағдайы нашарлап, ұшақ дереу Омбы қаласына қонуға тура келген. Кейін жедел жәрдеммен оппозиционерді Омбыдағы ауруханаға жеткізген. Кейін Германия Навальныйды Берлиндегі ауруханаға әкету үшін арнайы санавиация жіберген. Бастапқыда Омбы дәрігерлері Навальныйды орнынан қозғауға болмайды деп оны Германияға жіберуден бас тартқан. Кейін омбылық дәрілерлер Навальныйды ауруханадан әкетуге рұқсат беріп, Навальный 22 тамызда Берлинге жеткізілді.
Өткен аптада Германия үкіметі неміс әскери токсикологтары Алексей Навальный «Новичок» жүйке-сал ауруын тудырушы заттегіден уланғанын хабарлады. Кейіннен Германия канцлері Ангела Меркель Ресейдің бұл оқиғаға байланысты мәлімдеме жасауын талап етті.