Бүгін Қырғызстандағы сәуір революциясына 7 жыл. Осыдан 7 жыл бұрын 7 сәуірде бұрынғы қырғыз президенті Құрманбек Бәкиевке қарсы халық жаппай ереуілге шығып, Бішкектің Ала-Тоо алаңы қанға боялған болатын.
Осыған орай бүгін Қырғызстан президентінің сайты Алмазбек Атамбаевтың қырғыз халқына үндеуін жариялады. Үндеуде: «2010 жылдың 7 сәуірі қырғыз халқы үшін өте маңызды күндердің бірі. Өйткені дәл осы күні біз елімізді экономикалық және рухани құлдыраудан аман алып қалдық» делінген.
Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев "Euronews" арнасына берген сұхбатында ресми Ақорданы былай деп айыптаған болатын. «2010 жылығы революция кезінде Қазақстаның шекарасын жауып тастауы салдарынан біздің елде адам шығынына дейін болды. Егер біз Еуразиялық экономикалық одаққа кірмесек, бізге тағы осыған ұқсас қысым жасалуы мүмкін». Атамбаевтың бұл сөзі, екі ел арасындағы әлде бір сырт көзден таса қарама-қайшылықтың бар екендігін байқатқандай болды. Олай ойлаудың себебі де жоқ емес, өйткені сәуір революциясы кезінде Қырғызстанда ереуілшілерді күшпен таратпақшы болған сол кездегі қырғыз президенті Құрманбек Бакиевті , Қазақстанның арнайы жасағы тікелей елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Тараз қаласына жеткізіп, аман алып қалған болатын. Ал ол кезде Алмазбек Атамбаев барикаданың ар жағында, яғни Роза Отынбаева бастаған қырғыз оппозициясының жағында болатын. Не де болса, 2010 жылы Бішкектегі сәуір революциясы Қырғызстан халқының ғана емес қазақ елінің тарихына да енетін болды. Өйткені, бұған дейін еш бір ел Қазақстанды адам өліміне себепші болды деп айыптамаған.
“The Qazaq Times”