Беларусь пен Ресей қарым-қатынасы ушығып кетті. Минск тарабы өз елінде ұсталған ресейлік азаматтарды "ЧВК Вагнер", яғни "Вагнерд жекелік әскери компаниясының" жалдамалы әскерлері деп мәлімдеген. Ал, Мәскеу әзірше сабырлы кейіп танытып, сайлау қарсаңында болып жатқан бұл жағдайлар одақтас елдің ішкі мәселесі деген мәміледе тұр.
Беларусь еліндегі оппозиция бастаған наразылық сайлау жақындаған сайын күшейді. Ел ішінің және шетелдердің басылымдары кезекті оппозицияның бірігуін ел тарихындағы ең ауқымды оқиғалар қатарында атап жатыр. Ең қызығы осыған дейін оппозиция президент Лукашенконың билігін Мәскеудің шылауындағы "Ресеймен астасқан билік" деп айыптаушы еді. Қазір жағдай керіне айналып, президент Лукашенко оппозицияның артында Мәскеу тұрғанын айтып "байбалам салуда".
"Ресейлік жалдамалы әскерлер"
28 шілдеде Беларусь қауіпсіздік күштері Минск қаласының шетіндегі демалыс орннынан 32 адамды қолға алды. Тағы бір ресейлікті елдің оңтүстігінен ұстады. Елдегі БАҚ құқық қорғау ұйымдарына сілтеме жасай отырып, бұл ұсталғандар Ресейге тән "ЧВК Вагнер"-дің жалдамалы сарбаздары" деп мәлімдеді. Хабарларда тағы елдегі президент сайлауға орай 200-ден аса жалдамалы әскерлердің елге кіргені айтылады.
Беларусь СІМ тарабы олардың көбі Украинаның шығысында соғысқан жалдамалы сарбаздар деп көрсетті. Украина 28 адамды өткеріп баруді талап еткен.
Орыс билігі бұл іске байыптылық танытқандай болды. Қауіпсіздік кеңесінің отырысында РФ президенті бұл азаматтарды негізссіз ұсталған және көп өтпей босатылады деп үміттенетінін жеткізді.
Сайлау қарсаңындағы Беларусь
9 тамызда Беларусь жұрты ел тарихында алтыншы реткі президент сайлауын өткізбек. Ресейді сайлауға араласты деп айыптау істері бұған дейін де болған. Ал, бұл жолы Минск билігі ресми мәлімдеме жасап, Ресей сайлауға араласып қоғамдық тұрақсыздық жаратты деп шықты. Бірқатар эксперттер Лукашенко сыртқы күштерді айта отырып, сайлауда электораттың қолдауына ие болуды көздейтінін айтады.
"Белгазпром банктың қуыршақтары"
Минск тарабының мұныдай мәмілесі Белгазпром банктың жетекшісі Виктор Бабарико сайлауға қатысатынын білдіргеннен кейін басталды. Лукашенко билігі Бабарико жақтастарын "Газпромның қуыршақтары" деп атап келеді. Аталған банктың 100 пайыз акциясы ресейлік "Газпромға" және Газпром банкке қарасты. Беларусьтың Ресей газына қарызы 273 млн АҚШ долларына дейін өскен. Оған қоса елдің сыртқы қарызы жарты жылда 17, 5 пайызға өсіп, 52.6 Беларусь рублн құрады. Ресей бір жылдан бері қарызын кешірген жоқ және жәрдем де ұсынбады.
Ресеймен ілігі бар деп айыпталған Бабарико 18 маусымда "ақша жымқыру", "салықтан жалтару" және "пара алу" деген айыптармен қамалған. Оған қоса оның ең негізгі жақтастары да ұсталды.
Лукашенко мен Путиннің арасына сызат түскен бе?
Естеріңізде болса, бұдан екі жыл бұрын Путин мен Лукашенко сөзге келіспей қалып еді. Сол кезде Ресей газының қымбат екеніне өкпелі Лукашенко Кремль қожасының шамына тиетін сөздер айтқаны бар. Бірақ, кейінгі бір баспасөз жиынында Лукашенко Путиннен кешірім сұрап, қарым-қатынасты ретке келтіргендерін айтқан. Бірақ, бұл толықтай шындық болмаса керек.
Беларусь басылымдарының жазуынша былтырдан бері Лукашенко Путинмен қарым-қатынасын ретке келтіруге көп күш салған. Алайда, одан нәтиже болмаған күйі Беларусьтың кезекті президент сайлауы келіп үлгірген.
Лукашенконың сайлау стратегиясы
Беларусь билігін ұзақ уақыт шеңгелінде ұстаған Лукашенко бұл жолы Мәскеумен арадағы кірбеңдікті де өз пайдасына шешіп кеткісі келетіні байқалады. Айталық, елдегі билікті ресейшіл деп айыптайтын көпшілік жұрттың көңілін табу үшін сыртқы күштерді баса айтып жатыр. Бұған қоса сайлаушыларға "мен болмасам Ресейдің агрессиясы күтіп тұр" деген ойды көлденең тартуда.
Соған қарамасттан елдегі оппозиция бірігіп, ауқымды наразылық шараларын өткізді. Лукашенко билігі де қарап қалмай елде ереуілге жол бермейтінін көрсетіп, Минскіде әскерилердің қатысуымен жаттығулар өткізді. Бұл жағдайларды сараптай отырып басым көп сарапшылар "Лукашенко екі оттың ортасында қалды" деп бағалайды.