«Оппозициялық алаң – өмір үшін» украиналық партиясы ел президенті Владимир Зеленскийдің отставкаға кетуін талап етіп отыр. Оппозиция мұның себебін мемлекет басшылығының қиын экономикалық мәселеге төтеп бере алмауымен, сондай-ақ шешім қабылдауда батыс несие берушілерге тәуелділігімен байланыстырады.
Сәуірде Зеленскийдің бұйрығымен Украина үкіметі коронавирус пандемиясына және экономикалық құлдырауға байланысты шенеуніктер мен мемлекеттік компанияларға берілетін ай сайынғы төлем мөлшерін едәуір азайтқан. Соған қарамастан, оппозициялық партия қазіргі президенттің отставкасын талап етіп отыр.
Украин оппозициялық партиясының ресми сайтында: «Зе-үкіметтің (ред. Зеленскийдің саяси тобы) сыртқы отаршылдық басқару деңгейіне дейін құлдырады. Бұл жағдай Порошенко кезінде де болған. Қазір билік сыртқы несие берушілердің нұсқауларын орындау, шетелдік қаржы алыпсатарларының пайдасын қамтамасыз ету, ұлттық байлықты сатумен айналысып жатыр. Сол арқылы шенеуніктер мен сыртқы әкімшілік агенттері пайда көруде. Зе-командасы Украинаны толығымен құлдыратпай тұрғанда, отставкаға кетуі керек», – делінген.
Оппозицияның талабы Жоғарғы Раданың шенеуніктер жалақысына шектеулерді алып тастау туралы заң жобасын қайта қарау. Партия өкілдері: «Зеленский күн тәртібіндегі басты мәселе ретінде Порошенко фракциясы әзірлеген №3708 заң жобасын қарау үшін парламенттің кезектен тыс сессиясын шақыруды талап етеді. Себебі шенеуніктер миллиондаған бонустар мен қаржыны қайтарып алғысы келеді. Осы ретте «Оппозициялық алаң – өмір үшін» партиясының өкілдері биліктен ХВҚ-ның халыққа қарсы талаптарын орындауды тоқтатуды, билік агенттері бір-бірін қоректендіретін заңды алып тастауды талап етеді», – дейді.
Партия бұл заң жобасына қарсы дауыс беріп қана қоймай, шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларына төленетін төлемді он ең төменгі жалақы деңгейінде – 47,2 мың гривен (1750 доллар) мөлшерінде шектейтін құжат қабылдауды талап етіп отыр.
«Ел экономикасы дағдарыста. Бюджетті толтыруда үлкен проблемалар бар. Халықаралық ұйымдардың мәліметі бойынша, жылдың аяғына дейін Украинада халықтың жартысынан көбі кедейшілікте өмір сүру қаупі бар», – деп атап өтті партия.