Қауіпті індеттің бастау көзі болған Қытай осыған дейін вирусқа қарсы вакцина жасап шығаруда айтарлықтай жетістікке жеткенін мәлімдеген еді. Сарапшылардың пікірінше, Қытай коронавирусқа қарсы вакцинаның әлемдік нарығын иеленуге дайындалып жатыр.
Жаңа індетке қарсы вакцинаны зерттеу мен дайындауға деген бәсеке АҚШ пен Қытай арасындағы күрестің бір бөлігіне айналып кеткен. Бірақ, бұл үрдіс екі елдің вакцина жасау саласында ынтымақтастығын нығайтуы да мүмкін деген болжамдар бар.
Қытайдың Медицина ғылымдары академиясы Медициналық биология институты (IMBCAMS) зерттеушілері адамдарға жасалған вакцина сынағының 20 маусымда басталып кеткенін хабарлады. Вакцинаның өнімділігі мен қауіпсіздігін бағалау бойынша сынақ үрдісі жүріп жатыр.
Бұған дейін, Қытайдың орталық қаласында қауіпті індеттің жаңа толқыны басталып жатқаны мәлім болған еді. 11 маусымнан бері қарай Бейжің қаласында инфекция жұқтырған 249 жаңа жағдайлар тіркелген. 22 маусым күні бір тәулік ішінде 13 жағдай тіркелді.
Ал, АҚШ-та болса наразылық ереуілдері коронавирустың таралуын тездетті. Қазір Құрама Штаттарда 2,3 млн адам вирус жұқтырып, 120 мыңға жуық адам көз жұмды. Екі елдегі ауырлай түскен жағдай коронавирусқа қарсы вакцина дайындауда АҚШ-Қытай арасындағы жаңа ынтымақтастыққа алып келеді деп болжайды сарапшылар.
Төлеужан Бейсенғазы