АҚШ президенті Дональд Трамп ел туын өртегендер 1 жылға бас бостандығынан айырылуы тиіс деп мәлімдеді.

Тулса (Оклахома) қаласында өткен кездесуде Трамп: «Екі күн бұрын Портлендте солшыл радикалдар Джордж Уашингтонның мүсінін бұзып, Американың туын өртеді. Бұдан былай туды өртегендер 1 жылға қамалуы тиіс. Осындай заң ұсынамын», – деді.

Америка заңына сәйкес қазіргі уақытта АҚШ туын өртеуге тыйым салмынбайды, өйткені Жоғарғы Соттың түсініктемесі бойынша бұл құқық алғашқы конституцияға сөз бостандығы бабы ретінде енгізілген.

Бейсенбіге қараған түні Американың Портланд қаласында наразылық білдірушілер АҚШ-тың тұңғыш президенті (1789-1797) Джордж Уашингтонның ескерткішін қиратқан. Қола ескерткішті «Неміс-Америка қоғамы» аталатын коммерциялық емес ұйымы орнатқан. Наразылар АҚШ туын мүсінге орап, өртеп жіберген. Содан кейін олар ескерткішті құлатып, қызыл бояумен «1619» деп жазған. Дәл сол жылы Америка Құрама Штаттарына алғаш рет африкалық құлдар келген.

Джордж Уашингтон – Америка Құрама Штаттарының негізін қалаушылардың бірі. Тәуелсіздік соғысы кезінде ол континентальды армияны басқарды, кейінірек 1787 жылы АҚШ конституциясын дайындап, конституциялық конвенцияның төрағасы болып сайланды. Соңғы жылдары қара нәсілділер құқығын қорғаушылар Д.Уашингтонның қызметін сынға алып, «құлдық жүйені қолдаушы» деп атады.

Миннеаполисте (Миннесота) афроамерикалық Джордж Флойдтың өліміне қарсы жаппай наразылық шаралары кезінде АҚШ-та билікке қарсы күрестің тағы бір толқыны басталды. 25 мамырда Флойд полиция қызметкерлерінің қолынан қаза тапқан. Кейіннен бірнеше қалада ірі шерулер өтті. Наразылар Америка Азаматтық соғысы (1861-1865) кезінде Оңтүстікке құл иеленуші мемлекеттерді біріктірген Конфедерация қайраткерлеріне арналған ескерткіштерді бүлдірді. Сонымен қатар, зерттеуші Кристофер Колумбқа арналған бірнеше ескерткіштер бүлінді.

"The Qazaq Times"