Кеше, 3 маусым күні Қарағанды облысының 56 жастағы, Атырау өңірінің 56 және 69 жастағы тұрғындары, сонымен қоса 69 жастағы қайтыс болғаны хабарланды. Жаздың алғашқы 3 күнінде дерттің тура әсерінен 8 қазақстандық вирустың кесірінен қаза болды.
Соңғы жылдары санитарлық-эпидемиологиялық сала құрдымға кетіп барады деп санайтын медицина сарапшысы Қайырғали Көнеев жоғары инстанциядағы жағдайға өз пікірін білірді.
«Санитар дәрігерлердің өзі не істерін білмейді. Мұны бас мемлекеттік санитар шығарған қаулының екі жарым айда 7 мәрте өзгеруінен көруге болады. Тіпті бір қаулы екіншісіне қайшы келеді. Мәселен,7 қаулы бесіншісін терістейді. Бұл Қазақстанның санэпидемиологиясы «паникада» екенін аңғартады. Ең басты мәселенің бірі – аталған салада өз ісін жетік білетін маманның болмауы. Кәсіби кадрлардың көбі кезінде еңбек жағдайының нашарлығынан тәуелсіз санитарлық аудит, жеке бизнес саласына кетіп қалған. Көз алдымызда болып жатқан кемшіліктер мен шикіліктердің бәрі мемлекеттік басқарудағы СЭС саласын денсаулық сақтау министрлігінен бөлу керектігін көрсетеді», – дейді.
Маманның сөзіне қарағанда, Қазақстанда тіркелген кейстерге шаққанда өлім көрсеткіші әлдеқайда төмен. Тіпті тура пропорциодан айтарлықтай аз. Медицина ғылымдарының кандидаты Көнеев «Біздің жағдайдағы өлім көрсеткішінің аздығы – биліктің арқасында емес, халықтың жасына байланысты табиғи жағдай. Қазақстан халқының орташа жасына қатысты. Ерлердің орта жасы – 30, әйелдердікі 33 жас. Демек негізгі контингент жас болғандықтан, вирусқа қарсы елдің имундық жүйесі де қауқарлы», – деп нақтылады.
Сонымен қоса сарапшы коронавирус кейстерінің шынайы есебін ешкім, тіпті министр де білмеуі мүмкін дейді. Оның сөзінше, қазіргі цифр шындықтан алшақ болуы ықтимал. «Осы уақыт аралығында министрліктің «цифрлық көрсеткіштерді ойнатуына» куә болдық» дейді тәуелсіз дәрігер.
Екі жарым айдың ішінде COVID-19 жұқтырғандар саны 12 мыңнан асып кетті. Нақтырақ айтқанда, науқастар санының жалпы жиыны 12 067-ге жетті. Оның жартысынан көбі (6240) ауруынан айығып үйіне жіберілген. Өкінішке қарай, ресми ақпарат бойынша, COVID-19 вирусын жұқтырған 48 адамның жағдайы қиындап, қайтыс болған. Дегенмен бірқатар БАҚ өкілдері (Информбюро және Азаттық) өткен аптада Қазақстанда вирус жұқтырған кем дегенде 72 адамның қайтыс болғанын анықтап хабарлаған еді.