Президент Қасым-Жомарт Тоқаев cаяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жариялады. Онда тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмысын аяқтау және қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құру тапсырғанын хабарлады. 

«Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырдым. Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз», – деді Тоқаев.

Ақорда порталында жарияланған Тоқаевтың сөзінше, кеңес кезінде өмір сүрген халықтарға «үлкен террор» орасан зор қасірет әкелді. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды.

"Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Тынышбаев, М. Дулатұлы, Т. Рысқұлов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, басқа да ұлт зиялылары бар.

Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері («АЛЖИР») сол жылдардағы қатыгездік пен жауыздықтың қара таңбасындай болды. Мұнда саяси тұтқындардың жақын туыстары, әйелдері мен балалары қамалды.

Бүгін біз ұжымдастыру жылдарында аштыққа ұшырағандарды, сондай-ақ туған жерінен кетуге мәжбүр болғандарды да еске аламыз. Бұл зобалаңның қасіретін үш миллионға жуық адам тартты",– деді президент.

"The Qazaq Times"