Дональд Трамп пен Владимир Путин видеоконференция ретінде өткен G20 саммитінде жаһандық хал-ахуалды талқылады.
Ақ үй баспасөз қызметкері Джадда Дираның айтуынша, тараптар әлемді жайлаған коронавирус пандемиясынан кейінгі экономикалық дағдарыстың алдын алу, вирусқа қарсы вакцинаның жасалуы және энергетика саласындағы байланыстарды сөз еткен. Сонымен қатар Венесуэла дағдарысына тоқталып өткен Трамп қазір Каракас пен Уашингтонның қарым-қатынасы нашарлап кеткенін айтты.
Екі ел басшысының көп тоқталған тақырыбы — коронавирус пандемиясы. Соңғы деректерге сүйенсек, әлем бойынша 785 825 адам дертке шалдығып, 37 мыңнан астам адам көз жұмған. Қазір дерт Американы дендеп барады: штатта әр 17 минут сайын өлім тіркелуде. Америкалық ғалымдар вирусқа қарсы вакцинаны сынақтан өткізуді бастады. Алайда вакцина оң нәтиже көрсеткеннің өзінде, алты айдан кейін ғана қолданысқа жіберіледі.