23 наурыз түсте Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі Алматы мен астанада тағы екі адамнан коронавирус анықталғанын хабарлады.
Соңғы деректі қоса есептегенде, елде барлығы 62 науқас қатерлі инфекция жұқтырған. Олар, астанада – 32, Алматы қаласында – 26, Қарағанды қаласында – екі, Алматы облысында – бір, Ақтөбе облысында бір адам, ауруханаға жатқызылған. Сондай-ақ пациенттермен байланыста болған мыңдаған адам үй-аурухана карантиніне алынған.
Қазақстанмен көршілес 5 елдің ахуалы әртүрлі. Бірі үнсіз жатса, екіншісі төтенше жағдай жариялап, індеттің тарамауына шектеулер енгізіп жатыр. Ал әлемде COVID-19 індетіне шалдыққандар 340 мыңнан асса, айыға алмай көз жұмғандар саны 15 мыңға таяды.
Өзбекстан
Ташкент мәліметінше, елде шетелден келген және байланыста болған 46 өзбекстандықтан коронавирус инфекциясы табылып, ауруханаға жатқызылған. 16 наурыздан бастап елге кіріп-шығуға тыйым салынып, көпшілік жиын-отырыстарға шектеу қойылды.
Қырғызстан
Көрші ағайын жұртта коронавирус жұқтырған 14 науқас тіркелген. Сондай-ақ Пәкістанда бір қырғыз азаматы дертке шалдыққаны жөнінде ресми ақпарат белгілі болды. Қырғызстанда бүгіннен бастап төтенше жағдай енгізілді. Қазіргі таңда Бішкек қоғамдық тәртіп бақылуын күшейтіп, шетелдегі азаматтарын алдыртып жатыр.
Ресей федерациясы
Кремль елдегі науқастар саны 400-ден асқанымен әлі күнге дейін төтенше жағдай жариялай қоймады. Инфекция анықталған 438 адамның 60%-ы, яғни 262 пациент Мәскеуде тіркелген. Дүйсенбі күні астана мэрі Сергей Собянин қарттар мен созылмалы аурумен ауыратын азаматтарға 26 наурыз бен 14 сәуір аралығында үйден шықпауға ұсыныс жасады. Аталған санаттағы тұрғындарға оқшаулау шығыны ретінде бір реттік 4 мың рубль төленетінін мәлімдеді.
Түркіменстан
Орта Азия және көршілес елдері COVID-19 дерті туралы ақпарат таратып жатқанда, Ашхабад тым-тырыс отыр. Үкімет сайтында «бауырлас ел Иранға» медициналық құралдар мен азық-түлік өнімдерін қамтитын гуманитарлық көмек көрсеткенін жариялаған билік елде індеттің жоқтығын айтады.
Қытай
Індет ошағы Хубэй провинциясының орталығы Ухань қаласында екі айға созылған қатаң карантиннен кейін ауру тарау қарқыны айтарлықтай бәсеңдеген. Өткен тәулікте 39 адамның вирус жұқтырғаны анықталып, тағы 9 науқас ауру дендеп көз жұмған. Жалпы жиыны 81 мыңдай адам коронавирус жұқтырып, оның 3300-ге жуығының жағдайы оңалмай, қайтыс болған. Әлемнің екінші экономикасы ретінде Бейжің бұрын-соңды болмаған қаржылық шығынға ұшырады. Бір ғана әуе тасымалы саласында 40 мыңға тарта рейс тоқтаған. Қытай ұлттық денсаулық сақтау комитеті күннен-күнге сауығып шыққандардың саны өсіп жатқанын айтады.