Франция ақпарат құралдары АҚШ жаңа үкіметінің Мемлекеттік хатшысы Тиллерсон Түркияда ресми сапарда жүргенін хабарлап отыр. 30 наурыз Түркия астанасы Анкарада Тиллерсон мен Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу кездесіп кеңейтілген отырыс өткізген. Кездесуден кейін бірлікте журналистерді қабылдаған.
Бұл Тиллерсонның қызметке кіріскеннен бері Түркияға жасаған алғашқы сапары. Осыдан бұрын Трамп үкіметінің негізгі өкілінің бірі ретінде Шығыс Азия елдеріне дипломатиялық сапарда болып қайтқан еді. Тиллерсон АҚШ Мемлекеттік хатшысы ретінде танымал саяси тұлғалардың біріне айналып келеді. Себебі, Трамп үкіметі оны АҚШ-пен арада өзекті мәселелер орын алып отырған елдерге дипломатиялық сапарларға арт-артынан аттандырып отыр. Тиллерсонның Шығыс Азиядағы сапары өңірдің қауіпсіздігінің ең өзекті тұсында болды. Сонымен бірге Шығыс Азия елдері мен АҚШ арасындағы жаңа қарым-қатынастың алғашқы негізін қалады деп бағалауға болады.
Осы жолы Түркияға жасаған сапары Еуропа елдері үшін назар аударатын мәселелердің бірі. Себебі, Түркиядағы референдумға байланысты және соңғы кездегі түрік билігіндегі саяси қадамдардың әсерінен Түркия мен ЕО арасындағы қарым-қатынасқа айтарлықтай сызат түскен болатын. АҚШ мемлекеттік хатшысы Тиллерсон журналистерді қабылдау барысында Түркияның терроризмге қарсы күрес жүргізудегі табысты қадамдарын алқады. АҚШ пен Түркия лаңкестікке бірлесіп қарсы тұрудың жаңа келісімдеріне келіп, діни ұшқары ұйымдардың таралуын ортақ тежеуге келісім жасасқан.
“The Qazaq Times”