Қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің астанадағы тергеу изоляторында қайтыс болуына байланысты Тәуелсіздік даңғылындағы ішкі істер министрлігінің алдына жиналған елуге жуық белсендіні жасақ сақшылары күштеп төрт бірдей автобусқа тиеп әкетті.
Олар Дулат Ағаділдің қазасы жайлы толық ақпарат беруді талап еткен болатын. Азаттық оқиға орнынан тікелей эфир жүргізді. Белсенділер «бейжай, немқұрайлылықтың кесірінен» болған оқиғаның басты себепкері Ерлан Тұрғымбаев деп санайтынын және бас полицейдің отставкасын талап етті.
Жиналғандар алдына бастапқыда астаналық полиция департаментінің бастығы Нұржан Сәденов шығып, Дулат Ағаділдің қазасы жайлы қысқаша ақпарат берген. Ол осыған дейін таралған ресми ақпаратты растап, «тергеу изоляторында Дулат Ағаділ жанында төрт адам отырғанын, олардың Дулат Ағаділге күш көрсетілмегеніне куәлік бергенін, жүрек талмасынан қайтыс болғанын» айтқан.
Түстен кейін сағат 14:10 шамасында полиция келіп, жиынды күшпен таратуға кірісті. Бақытжан Малыбаев бастаған төрт автобусқа жаппай зорлықпен салып алып кетті. Арасында төрт полицей жүкті әйелді де күштегенін байқауға болады.
Белсенділер Дулат Ағаділді «әділетсіздікке, Қазақстандағы қазіргі саяси режимге қарсы шығып жүрген адам» деп сипаттады және «оның 2019 жылы көп балалы әйелдер жиынына барып көмектескенін» еске алған болатын. Белсенділерді әкеткеннен кейін ішкі істер министрлігінің алдында бір топ көп балалы әйелдер қалды. Оларды полиция бақылап тұр.
Астана маңындағы елді мекенде тұратын белсенді, алты баласы бар Дулат Ағаділдің тергеу изоляторында қайтыс болғаны туралы ақпарат бүгін шыққан.
Қалалық полиция департаменті «Тергеу изоляторының камерасында онан өзге төрт адам болды, олар Дулат Ағаділге күш қолданылмағаны жайлы куәлік берді. Медициналық куәлік оның қамауға алынған сәтте алкогольді ішімдік ішкенін, мас екенін көрсетті. Жедел жәрдем бригадасы келді. Қайтыс болуына «жүрек талмасы себеп болған». Денесінде қандай да бір жарақаттар жоқ. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды», – деген хабар таратқан.
Астана полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев ашынып өксікке булыққан қарияның «Назарбаев өлтірді» деген уәжіне «Сіз елге бүлік істемеңіз, Назарбаев өлтірген жоқ, өйтіп айтпаңыз, оны сараптама анықтайды» деп, сабырға шақыруға тырысты. Ол өзінің қызметкерлеріне сұрақ қойып, қарсы сөз сөйлеген азаматтардың аты-жөнін анықтауға бұйрық берді.
Азаттық тілшісі Сәния Тойкеннің хабарлауынша, ұсталғандарға хаттама толтырылып, айыппұл салынбақ. Биліктің дерегіне күмәнмен қарайтын белсенділер «Дулат Ағаділдің өлімін тексеретін арнайы комиссия құрып, оған халық өкілдері кіруін» талап етуде.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің жазуынша «биыл қаңтар айында Дулат Ағаділге айып тағылып, «ешқайда кетпеу» туралы шара қолданылған. Тергеуге келмегеніне байланысты сот шешімімен 24 ақпанда қамауға алынған».
Дулат Ағаділ – әлеуметтік проблемалар және азаматтық құқықты сақтау мәселесін көтеріп жүрген белсенді. Биыл тамыз айынан бері бірнеше әкімшілік жазаға тартылып, кем дегенде 60 тәулік қамауда отырған.
Ол 2019 жылдың 16 желтоқсанында рұқсат етілмеген акцияға қатысты деп айыпталып, 10 тәулікке қамалған еді. Қарашаның ортасында әкімшілік қамауда отырған Целиноград аудандық тергеу изоляторынан қашып шығып, ол әрекетін «заңсыз қудалауға қарсылығым» деп түсіндірген. Полиция екі күн бойы іздеген белсенді 15 қарашада өзі бас прокуратура алдына келген. Кейін ол «сот қаулысын орындамағаны үшін» тағы 6 тәулікке сотталған.
Еуропарламент депутаттарының Қазақстанға сапары қарсаңында елдің ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 22 ақпандағы «заңсыз митингіні» күшпен таратқанда 53 адам ұсталып, 10 адам әкімшілік жаза қолданылғанын мәлімдеді. Бірақ бұл деректің құқық қорғаушылардың дерегінен әлдеқайда алшақ екені бесенеден белгілі. Бүгін ел астанасындағы Еуроодақ ғимаратының алдында ондаған адам наразылық акциясын ұйымдастырды. «Қазақстанда демократия жоқ», «адам құқықтары тапталып келеді» деген наразы топ Еуроодақ өкілдігі мен Еуропаның бірқатар мемлекеттері елшіліктерінің назарын аудартқысы келетінін айтты.
P.S.: Редакция атынан артында шиттей алты бірдей перзенті қалған Дулат Ағаділовтің отбасы мен жақын-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.