Беларусьтегі атом электр станциясының құрылысына халық және көршілес мемлекеттер тарапынан қарсылық күшейді. АЭС салынып жатқан Островецтен 50 километр жердегі Литвада парламент мәжілісінде депутаттар бұл станцияны бүкіл Еуроодаққа төнген қатер деп атады.
2011 жылы Фукусимадағы апаттан кейін МАГАТЭ атом электр станциялары ірі елді мекендерден кемінде 100 шақырым алыс орналасуы керек деген талап қойған. Дегенмен ресми Минск «қауіп-қатер ықтималдығы аз» дейді. Енді 24 ақпанда Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі (МАГАТЭ) ақпан айында Беларусьтің Островец қаласына барып, энергетика инфрақұрылымының атом электр станциясын іске қосу бойынша дайындығын тексермек.
Беларусьте жылына тұтынылатын 37 миллиард киловатт-сағат электр қуатының басым бөлігі ресейлік газдан өндіріледі. Сол себепті елдің энергетика министрлігі АЭС жобасы өзге мемлекеттерге деген тәуелділікті азайтатынын айтты.
Беларусь президенті Александр Лукашенко 2008 жылы атом электр станциясын салу туралы құжатқа қол қойған. Лукашенко жаңа атом электр станциясы елді Ресейге деген энергетикалық тәуелділіктен құтқарады деп үміттенеді (Беларусь газдың 90 пайызын Ресейден алады). Алайда Островецтегі электр станциясын ресейлік компаниялар салып жатыр, қаржының жартысын Мәскеу құйып отыр. Болжам бойынша, АЭС құрылысына 5-тен 22 миллиард долларға дейін қаржы жұмсалмақ.
Жергілікті жұрт пен көрші елдердің наразылығына қарамастан, биыл бірінші, ал 2021 жылы екінші энергоблок іске қосылады.