Қырғызстанның Нарын облысы Атбашы ауылында жүздеген адам Қытай жобаларын жүзеге асыруға қарсылық білдірді.

Наразы топ Қырғызстан үкіметінен 275 миллион доллар жұмсалатын логистикалық орталық салу жоспарынан бас тартуды талап етті. Қарсылық акциясына қатысушылар «Логистикалық орталық салуға қарсымыз», «Қырғыз жері Қытайға берілмесін» деп ұрандатты. Логистикалық орталық салу туралы қырғыз үкіметі 2019 жылы Қырғызстанға келген Қытай төрағасы Ши Жинпиңмен уағдаласқан. Жоспар бойынша аталған орталыққа өндірістік қуаты аз кәсіпорындарды орналастырып, оларға сауда жеңілдіктерін беру көзделген.

Былтырдан бері Қырғызстанда Қытай саясатына, қытайлық жобаларға қарсы наразылық шерулері бірнеше мірте өткен. 2018 жылы желтоқсанда Қытайда туыстары жоғалып кеткен бірнеше Қырғызстан азаматы президент Сооронбай Жээнбековтен көмек сұраған. Кейіннен Қытайдағы этникалық қырғыздарды қорғау комитеті құрылып, жағдайдың мән-жайын халық пен билікке түсіндіру мақсатында жиын өткен. 5 желтоқсанда белсенділер Бішкек қаласындағы Біріккен ұлттар ұйымы ғимаратының алдында халықаралық қауымдастық өкілдері мен БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутеррештен Қытайда қысым көріп жатқан қырғыз-қазақ ұлттарына араша сұраған.

Қытайдағы аз ұлттардың жергілікті билік тарапынан қысым көріп жатқандығы жөнінде осыған дейін халықаралық БАҚ беттерінде сан мәрте айтылған. Ресми Бейжің өзіне тағылған айптардың барлығын жоққа шығарып, саяси үйрену орталықтарындағы адамдардың барлығы өз еркімен барғандығын алға таруда. Болжам бойынша, қазіргі таңда Қытайдағы саяси үйрену лагерьлерінде бір миллионға жуық адам бар.

"The Qazaq Times"