Жаңа коронавирусқа байланысты Женевада өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының екі күндік жиналысы бүгін аяқталды. Былтыр желтоқсан айында Қытайдың Ухан қаласында бастап тараған жаңа вирусқа ресми түрде COVID-19 деген ат берді. Сейсенбіде аталған вирустан көз жұмғандар саны мыңнан асты.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа вирусқа байланысты мәліметтерден кешігіп хабардар болғанын мойындады. Ұйым жетекшісі Тедрос Гебрейсус сөзінде: «Қазір үкіметтер, қаржы базары мен саясаткерлер алаңдап отырған бұл қауіпті вирус туралы екі ай бұрын біз ештеңе де білмейтін едік», – деді. Сондай-ақ, ол мәселеге қатысты көптеген сұрақтардың жауабын таба алмағандарын да мойындады.

«Індет ошағы қайда? Оның таралу динамикасы қандай? Науқас қанша уақытқа дейін вирусты өзімен алып жүреді? Диагностика және дауалау үшін вирустың қандай үлгісін қолдану керек? Ауыр індетпен қайтып күресу керек? Міне, бұл вирусты тізгіндеу үшін осы сұрақтарға жауап табу керек», – деген.

Ұйым жетекшісі Тедрос Гебрейсус. Фото: Рейтер.

Өткен аптаның соңында Қытай үкіметі инфекцияға шалдыққандар саны тұрақталып қалғанын айтып еді. Алайда, осы апта қайта күшейе түскен.

Жаңа қауіпті вирусқа қарсы вакцинасы әлі табылмады. Сондықтан да, әлемнің 400-ден астам медицина ғалымы Женевада жиналып екі күн талқы өткізді. Қытай Денсаулық сақтау министрлігімен Женевада видео байланыс арқылы ортақ кеңес өткізді.

Медицина мамандарының мәліметіне сенсек, COVID-19 вирусының вакцинасын жасап шығу үшін бір жарым жыл уақыт сараптаудан өткізу керек екен. Бұл мезгілге дейін инфекцияның таралуын барынша тежеу шараларын тынбай жалғастыру керек.

“The Qazaq Times”