Ұлыбританияның Ирандағы елшісі Роберт Макэр Теһранда ереуіл ұйымдастырғаны үшін бірнеше сағатқа ұсталды.

Мәліметтер бойынша, Иран украиналық ұшақты атып құлатқанын мойындағаннан кейін бір топ студент университет алдына наразылық шеруге шыққан.

Tasnim агенттігі: «Макэр университет алдындағы шерушілер арасында болды. Елші наразылық шарасына қатысушыларды радикалды әрекет жасауға шақырғаны үшін айыпталды», — деп хабарлады.

31 желтоқсанда АҚШ-тың Бағдаттағы елшілігі алдында наразылық шарасы болып, шерушілердің алды елшілік ғимаратына шабуылдаған. Америка бұл наразылықтың артында Иран тұр деп есептейді. Наразылық АҚШ күштерінің Ирактағы және Сүриядағы шабуылында шиит мұсылмандары қаза тапқаны туралы мәлімет тараған соң тұтанған еді.

Ислам революциясы сақшылар корпусының «Құдс күштері» арнайы жасағының қолбасшысы Сүлеймани 3 қаңтарда Бағдаттағы АҚШ-тың әуе шабуылы кезінде мерт болған. Оны өлтіруге АҚШ президенті Дональд Трамп бұйрық берген. «Құдс күштері» Иранның сырттағы әскери операцияларына қатысқан. Бұған дейін АҚШ-тан «кек алатынын» мәлімдеген Иран 8 қаңтарда АҚШ-тың Ирактағы бірқатар нысандарын зымыранмен атқылады.

"The Qazaq Times"