Бүгін таңертең Алматыда Жамбыл атындағы филармонияда Қазақстан Жоғарғы кеңесінің бұрынғы төрағасы, оппозициялық саясаткер, ғалым Серікболсын Әбділдинмен бақұлдасу рәсімі өтті.
Оған саясаткердің жақындары мен туыстары, замандас әріптестері, белсенділер, қала тұрғындары жиналды.
Жергілікті биліктен өкіл ретінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмар келіп қатысты.
Жұрт саясаткердің туған-туыстарына көңіл айтып, марқұммен қоштасты. Серікболсын Әбділдинді Кеңсай-2 зиратына қояды.
Ашық көздегі ақпаратқа қарағанда, қазақ тарихының қара торысы 31 желтоқсан күні сағат 23:00-тен өте Алматы ауруханасында қайтыс болған.
Серікболсын Әбділдин 1937 жылы 25 қарашада бұрынғы Семей облысы Ақсуат ауданы Қызылкесік ауылында дүниеге келген. 1967 жылдан бастап көп уақыт Қазақ ССР жоспарлау комитетінде жұмыс істеді, ауыл шаруашылығы министрлігінде басшы қызметтер атқарды, Қазақ ССР министрлер кеңесінің Мәскеудегі өкілі болды.
1990 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған Серікболсын Әбділдин кейін Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары, ал 1991 жылдың қазанынан 1993 жылы Жоғарғы Кеңес таратылғанға дейін оның төрағасы болды. 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған "Қазақстанның тәуелсіздігі туралы декларацияға" Жоғарғы Кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдин қол қойған.