Биыл Қазақстанда терроризм мен экстремизмге қатысы бар 31 шетелдік ұсталған. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік қызметі хабарлады.
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҰҚК комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков: «Өңірлік терроризмге қарсы құрылымның аясында тараптардың шекара қызметтері өзара байланыста әрекет етеді. Тұрақты түрде жыл сайын, әр тоқсан сайын осы қызметтердің сарапшылар тобы жиналып, қажетті шешімдер шығарады. Жылда ең кемі бір рет шекара ведомстволарының басшылары бас қосып, отырыс өткізеді. Отырыста қажетті шешім қабылдап, ол шешімдер жүзеге асырылады. Бұл тәжірибе «Ынтымақтастық» деген бірлескен шекара операциясы арқылы атқарылады. Осы 2019 жылы Қазақстанның шекара қызметкерлері іздеуде жүрген 10 шетелдікті ұстап, өз елдеріне қайтарды. Сонымен қатар, Ұлттық қауіпсіздік комитеті жедел іздеу жұмысын ұйымдастырады. Осы жұмыстың барысында 2019 жылы терроризм мен экстремизимге қатысы бар 31 шетелдікті ұстадық және олар елдеріне қайтарылды», – деп мәлімдеді.
Еске сала кетсек, биыл Ұлттық қауіпсіздік комитеті үш рет жүргізілген «Жусан» операциясы нәтижесінде Сүриядан Қазақстанға 595 қазақстандық азамат алып келінген. Оның 400-ден көбі балалар. Сыртқы істер министрлігі мәліметіне қарағанда, мұндай күрделі операцияға бірнеше ел, оның ішінде АҚШ та көмектескен. Бұған дейін 10 ер және 5 әйел адам Қазақстанда тыйым салынған аталмыш лаңкестік ұйымға қатысы бар деген айыппен сотталып, түрлі мерзімге бостандығынан айырылған болатын.