Air Astana жүргізетін 3,6 миллиард доллар көлеміндегі транзакция бойынша сатып алынған жаңа ұшақтар FlyArystan әуе компаниясында пайдаланылатын көрінеді. .
Boeing концернінің баспасөз қызметі қазақстандық эйртранс магнаты Air Astana өзіне қарасты FlyArystan әуе компаниясына жаңа 30 Boeing 737 MAX 8 ұшағын сатып алуға тапсырыс берді деп хабарлады.
Дубайда өткен әуе шоуы кезінде жарияланған ақпаратқа сәйкес келісім бойынша 30 ұшақты сатып алуға 3,6 млрд доллар жұмсалмақ. Boeing ұшақтары жаңа халықаралық бағыттардың ашылуына байланысты сатып алынбақ көрінеді. Бірақ су жаңа отыз ұшақ FlyArystan-ға тиесілі болса, ішкі рейстер аясында құрылған әуе тасымалы компаниясы қалайша халықаралық бағыттарда жұмыс істейді деген сауал туады. Air Astana президенті Питер Фостер:
– FlyArystan іске қосылғаннан бері әуе компанияның қызметі біз күткен нәтижеден де асып түсті. Сондай-ақ арзан бағадағы әуе тасымалының Қазақстан мен Орталық Азиядағы болашағы зор екенін көрсетті, – деді.
Дәл осы маркалы ұшақпен былтыр (2018 жылы 29 қазанда) Lion Air индонезиялық әуе компаниясы Джакарта-Панкалпинанг бағытында ішкі тасымалды жүргізу кезінде техникалық ақаудың кесірінен апатқа ұшырап, салдарынан борттағы 181 жолаушы мен 8 экипаж мүшесі, барлығы 189 адам қаза тапқан еді. Ал биыл (2019 жылы 10 наурызда) Ethiopian Airlines әуе компаниясының Аддис-Абеба(Эфиопия астанасы) мен Найроби (Кения астанасы) бағытында ұшқан Boeing 737 MAX 8 авиалайнері «әртүрлі себептермен» эфиопиялық елді мекенге құлап, мұнда да 157 адам ажал құшқан. Ұзындығы 40 метрге жуық, максималды салмағы 80 тоннаға дейінгі алып ұшақтың сыйымдылығы 162-200 жолаушыны қамти алады.
Трагедиялық әуе апатына қарамастан әлемнің алдыңғы қатарлы елдері аталған авиалайнерді жиі қолданады әрі 2011-2018 жылдар аралығында 1551 дана Boeing 737 MAX 8 ұшағы сатылып, ең көп тапсырыс алған марка ретінде танылды.