Шығыс Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрескен ұлт азаттық көтерілістің қолбасшысы Оспан батыр Сіләмұлының (1899-1951)  туғанына 120 жыл толуына орай өткен «Тұран романтизмі» тақырыбында өткен сурет, қолөнер байқауының жеңімпаздары анықталды.

Ұлт азаттық көтерілістің қолбасшысы Оспан батыр Сіләмұлының бейнесі тарихта зерттеліп, әдебиетте сомдалғанымен, көркемөнерде мүлде қозғалмаған тың тақырып. Көрме осынысымен де ерекше. Көрмеге  бұдан өзге мұраларды жаңғырту мен жаңа тосын идеяларымен қоғамды ойлантуға шақыратын жұмыстар да қабылданды. Бұл тақырып суретшілерге азаматтық көзқараспен   үн қосуға үндейді.  «Тұран романтизмі» көрмесі қазақ суретшілерінің тақырыпты көру сыйпатымен ерекшеленіп,   қилы тарихымыздың ең жарқын көріністерін, сюжеттерін ерек көркем образдармен көрсету болып саналады. Сонымен қатар мұраларды жаңғырту, жаңа тосын идеяларымен қоғамды ойлантуға шақыратын жұмыстар қойылды.

Сонымен, байқау нәтижесінде бас жүлдені Әсет Жақыпбектің майлы бояумен салынған «Қаһарлы Алтай» суреті иеленді.

Бас жүлде иегері - Әсет Жақыпбек

Бірінші орынды Даубаев Естайдың «Тұран – Рух» мүсіні иеленді.

Бірінші орын иеленген жұмысы

Екінші орынға Қанатбек Чагиев пен Дәурен Макиннің «Оспан батыр» суреті лайықты деп танылды.

Екінші орын - Қанатбек Чагиевтің "Оспан батыр" туындысы

Екінші орын - Дәурен Макиннің картинасы.

Ал Серік Тайнов, Қанат Шүкірбеков пен Бақытбек Мұхамеджанвтың еңбектері үшінші орынға ие болды.

Үшінші орын - Серік Тайновтың еңбегі

Романтизм стиліне тән контраст, экспрессия, динамиканы күшейту, тосын  шешімдер, мифология, символдар сияқты кез келген әдіс, басты жетістік, ерекшелік, мұмкіндігіміз қандай деген сауалдарға жауап берері анық. Көрмеге қазақтың көркемөнерінің негізін айқындап келе жатқан белгілі суретшілері Қ.Әжібек, Ә.Жақыпбек,  Қ.Шүкірбеков, А.Губашов, О.Кабдрахман, Ә.Бақтыгереев, С.Тайнов сияқты т,б белгілі кескіндемешілер қатысуда. Сонымен қатар қолданбалы өнердің әйгілі  шеберлері Е.Даубаев, С.Баширов, С.Бапанова, Р.Базарбаева т,б қатар уақытымыздың белді мүсіншілері Б.Құсайнов, Б.Мұхамеджановтар  қатысуда. Бұл көрмеде жастар белсенділігі өте жоғары. Д.Макин, Қ.Омархан,Т.Табысбек, Т,Жұмағұлов, Б.Досжанов, Ж.Бауырхан,  Д.Сарбасов сияқты жастардың ізденіс көкжиектерін көре аламыз.

Үшінші орынды иеленген картина - Қанат Шүкірбековтың "Оспан батыр" картинасы

Бұдан басқа осы көрмеге қатысқан әр суретшінің идеалдар арқылы жаңа мәдениет стилінің бір қырын ғана,  ұлттық    мәдениеттің «гендік жинағы», танымдық өмір салтының   көркемдік мұратын да ұғына аламыз. Сондықтан, көрме   Тұран мәдениетінің бейнесінен, дәстүрлі  құндылықтарының   дүниетанымынан,   өзіндік   көркемдік бейнелеудегі мұраттарынан,  басқа  көптеген   құндылық   қырларынан   хабар  береді.

Үшінші орынға лайықты деп танылған еңбек - Бақытбек Мұхамеджановтың "Батыр Оспан" бьюсті

Ұлт азаттық көтерілістің қолбасшысы Оспан батыр Сіләмұлына арналып отырған  бұл көрме өнер шындығын біліп тануымызға ықпал жасап, біздің өнеріміздің эстетикалық жағын бағалайтын қоғамдағы үлкен құбылыс ретінде, суретшілердің қоғамдағы беделін арттырып,  көркемөнердің  рөлін нығайтпақ.

"The Qazaq Times"