Әзербайжанның Президенттік әкімшілігін басқарып келген Рамиз Мехтиев доғарысқа (отставка) кетті. Бірақ, президент Илхам Алиев оны әкесі Гейдар Алиев атындағы орденмен марапаттап, Ұлттық ғылым академиясына жетекші етіп тағайындады.
Әзербайжандық тәуелсіз сарапшылар Мехтиевтің отставкаға кетуі алдын ала жоспарланған және бұған өткен апта соңындағы наразылық шаралары да түрткі болды деп қарайды. Назар аударарлығы бір ғана Рамиз Мехтиевтың қызыметінен кетуі емес, жалпы Әзербайжан жоғары билігіндегі өзгерістер болып отыр. Жақын бірнеше күнде Әзербайжанның лауазымды тұлғалары арасында ауыс-күйіс көбейді. Екі бірдей вице-премьер доғарысқа кетті және экономика министірі болып 43 жастағы Микаил Жаббаров келді.
Дегенмен, әзербайжандық тәуелсіз сарапшылар бұл өзгерістерді реформа қатарында қарамайды. Олар керісінше үкімет монополия мен ақша жымқырудың жаңа тәсіліне көшті деп түсіндіреді. Мұнай, алтын, құрылыс кәсібі сынды монополия мен жемқорлықтың "майлы жілігіне" жаңа адамдар шығып жатыр. Осы арқылы үкімет қаржы ұрлаудың жаңа тәсіліне көшкен. Бұған қоса, оппозиция тарабы елдегі саяси өзгерістерді Ресей ықпалының нәтижесі деп санайды.
Рамиз Мехтиев Әзербайжанда Кеңес одағы тұсынан бастап лауазымды қызметтерде болған. Гейдар Алиев тұсында, анықтай айтқанда 1995 жылдан бастап жоғары лауазымды орындарға шықты. Мехтиев бұған дейін Әзербайжан билігіндегі басты идеолог және аса ықпалды адам ретінде белгілі болған. Бұған дейін ол туралы "Ресей адамы" деген пікір де бар, бұған негіз де жоқ емес еді. Ол отставкаға кету арқылы Ресеймен қарым-қатынасты реттеп отыру сынды жаңа міндеп жүктеген болуы мүмкін деген пікірде сарапшылар.