Ақ боз атты мінген Ким Жоң Ун әлем назарын аударды. Солтүстік Корея лидері ақбоз атқа мініп, еліндегі 2750 метр биіктіктегі Пактусан тауына шыққанын ресми басылымдары таратты. КХДР лидерінің бұл әрекеті не үшін жұрт назарын аударуы мүмкін?
Пактусан тауы Солтүстік Кореядағы ең биік тау және ол елінің символы қатарында бағаланады. Оған қоса Ким әулеті үшін де символдық мекен деуге болады. Ким Жоң Ун әр рет маңызды мәлімдеме жасаудан бұрын аталған биік тауға барып қайтатынын бірқатар елдің ақпарат құралдары жазып жатыр. Айталық, 2017 жылы Ким Жоң Ун Пактусан сапарынан кейін Оңтүстік Кореямен мәмілені жақсартатынын білдірген.
Қыстың алғашқы қары жауып жатқан Корей түбегіндегі биік тауда ақ боз атпен құйғытып жүрген Кимнің суреттері бір қарағанда айбынды көрінеді. Лидерлерін «Тәңірдің ұлындай» суреттеуге құмар ресми басылымдары бұл ретте де тілінің жеткен жеріне дейін мақтап жатса керек-ті. Алайда, мейлінше әдеби сөздермен көркемделген хабардың соңында «Ким мырзамен бірге барған ресмилер әлемді таң қалдыратын жаңа қадам болады деп сенгені» туралы жазылған.
Ким Жоң Унның маңызды саяси шешімдер алдында Пактусанға баратынын ескере отырып, сарапшылар түрлі болжамдар жасап бағуда. Бірқатар сарапшылар Ким Жоң Ун ұзақ қашықтыққа ұшатын зымырандар мен ядролық қару сынағын тоқтату туралы уәдесін қайтып алуы мүмкін деп қауіптенеді.
Көпшілікке белгілі, АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы бейбітшілік орнату мақсатындағы келіссөздер тығырыққа тірелді. АҚШ президенттері қатарында КХДР-мен белсенді келіссөз жүргізген Трамп әкімшілігі болды. Бірақ, қазір Трамп үкіметі ішкі-сыртқы көптеген қайшылықтарға тап болғанын білеміз. Елде Трамптың импичменті мәселесі болса, сыртта АҚШ-Қытай сауда соғысы, АҚШ-Иран қайшылығы, Сүриядан әскер шығару сынды бірқатар мәселелерде Ақ үй басшылығы қарсылықтарға тап болды. Бұл есесіне АҚШ-КХДР арасындағы келіссөздерді кешеуілдетуде.
Кейбір сарапшылар, Солтүстік Корея басшысы тауға шығып, маңызды қадам алдындағы тау саяхаты арқылы Трамп үкіметінің назарын өзіне аударуды ойлап отыр деп қарайды. Солтүстік Корея ядролық қарусыздану жобасын жасап шығару үшін АҚШ-тан жыл соңына дейін уақыт сұраған. Ким Жоң Ун болса ядролық қарусызданудан бұрын санкцияларды алып тастау туралы бірнеше рет айтқан еді. Трамп үкіметі бұған келісім бермеді.
Қалай болса да, Кимнің ақбоз атпен тауға шығуы Ақ үйдің назарын аудартпай қалмады. Ким бұл жолы тағы бірнеше зымыран сынағын жоспарлаған болуы да мүмкін немесе жай ғана алғашқы қарды қызықтап сейіл-серуен құрып қайтқан болуы да мүмкін.