Иранның агрессиялық қадамдарын тоқтату мақсатында АҚШ Сауд Арабиясына әскерлерін аттандыруда. Өткен апта соңында Пентагон басшысы ресми мәлімдеме жасап, екі жауынгерлік ұшақты қосынын қамтыған, «Патриот» зымыран батареялары мен «Сад» жүйесі және оны қолдаушы персонал Сауд Арабиясына аттанғанын жеткізген.
АҚШ-тың Ирандағы арнайы өкілі және АҚШ мемлекеттік хатшысының Иран ісі жөніндегі кеңесшісі Брайн Хук бұл туралы сөзінде: «Сауд Арабиясы АҚШ-тың ұзақ мерзімді қауіпсіздік бойынша серіктесі. Ортақ ережелер мен халықаралық тәртіпті қорғау үшін бізден қорғаныс жағында көмек талап етіп отыр. Бұл реткі қолдау көрсету аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қорғауға тікелей қатысты», – деген. Ол және америкалық қарулы күштер мен қорғаныс техникаларының Араб түбегіне орналасқанын түбек маңындағы араб елдері де қолдап отырғанын қоса айтты.
Өткен айда Сауд Арабиясының мұнай нысандарына шабуыл жасалып, елдің мұнай өндірісі 50 пайызға дейін қысқарған еді. АҚШ шабуылға байланысты Теһранды айыптады. Әрі, зымырандар мен ұшқышсыз ұшу құрылғылары Иранның оңтүстік-батысынан ұшып келді деп көрсетті. Осыған байланысты АҚШ араб жеріне 3 мың қарулы жасағын аттандырған. Бірақ, Теһран өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды.
Пентагонның мәлімдеуінше мамыр айынан бері осы аймаққа жіберілген америкалық сарбаздардың саны 14 мыңға жеткен. Бұлар төрт реткі мұнай танкеріне жасалған шабуыл кезінде жіберілген әскерлерді де өз ішіне қамтиды. Бұл қарулы күштер әуе шабуылдарынан алдын-ала мәлімет бере алатын авиациялық эскадрилья, теңіз патрульдік авиация эскадрильясы, Patriot зымыран батареялары, B-52 бомбалаушы ұшағы, ұшақ тасымалдаушы кеменің шабуылшы командалары, сондай-ақ, амфибиялық көлік терминалдары және дрондармен күшейтілген.
Пентагон сондай-ақ, Құрама Штаттың барлық әскери әуе және теңіз күштеріне, теңіз күштерінің құрылық қосындарына қажет болған жағдайда осы аймақтағы қарулы күштерге көмек беруге бұйырған.