Жақында Иранның Ғарыш зерттеу саласы АҚШ-тың қатаң санкциясына ілінген болатын. Алайда, бір күн бұрын елдің Коммуникация және Технология министрлігі ресми мәлімдеме жасап, Иран алдағы бірнеше жылда ғарышкер ұшыру және Жер орбитасына жерсерік орналастыру жобасын жүзеге асыратынын мәлімдеді. 

Иранның коммуникация және технология министрі Мұхаммад Әзери Жахроми ресми мәлімдемесінде: "Міндетті түрде ғарышқа ирандық ғарышкерді ұшыратын боламыз. Бұған өзге елдер де қолдау көрсетпек. Сонымен бірге, Жер бетін бақылау мүмкіндігі ең жоғары жасанды жер серігін орбитаға жіберуді 2021 жылға дейін жүзеге асырамыз", – деген.

Бұдан бұрын Құрама Штаттар тарабы "Иран ғарыш кеңістігін зерттеуді желеу етіп баллистикалық зымырандарды дамытуда" деген уәжін алға тарта отырып, Иранның үш бірдей ғарыш зерттеу ұйымына бір уақытта санкция жариялады. Алайда, Иран кезекті қадамы арқылы АҚШ санкциясының ирандық жобаларды жүзеге асыруға кедергі бола алмайтынын дәлелдеуге тырыспақ.

“The Qazaq Times”