АҚШ уақытымен сейсенбіде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі БҰҰ-ның Ауғанстанға көмек беру миссиясын ұзарту туралы қаулыға дауыс береді. Қаулыға дауыс беру 16 қыркүйекке белгіленген. Алайда, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын алып тастау немесе қатыстыру мәселесіне байланысты бір күн кейінге шегерілген.
«Рейтер» агенттігі дүйсенбіде бірқатар дипломаттардың мәліметіне сілтеме жасап, аталғна мәселе бойынша АҚШ пен Қытай арасында қайшылық орын алып жатқанын хабарлаған. Қытай тарабы өз бағдарламасының Ауғанстанға көмек беру миссиясында аталмағаны үшін миссияны ұзарту қаулысына вето қойғалы отыр.
Қытай бұған дейін Германия мен Индонезия дайындаған миссияның қаулысында «Бір белдеу, бір жол» туралы айтылмағанына наразылық танытып, кейін балама бағдарлама жазған. Алайда, Қытай дайындаған бұл жобаға Қауіпсіздік кеңестің кейбір мүшелері қалыс. АҚШ-тың шығыс уақытымен сейсенбі түстен кейін дауыс берілуі керек болған қаулының нәтижесі туралы әлі де анық емес.
БҰҰ-ның Ауғанстандағы көмек миссиясы 2002 жылы құрылған, қазір бұл жұмыс тобы 28 қыркүйекте өтетін Ауғанстандағы президенттік сайлауға көмек көрсетуде. Сондай-ақ, Ауғанстан үкіметі мен Талибан арасындағы бейбіт келіссөздерге ықпал етуге тырысады.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Ауғанстанға көмек тобының мандатын жыл сайын ұзартады. Биыл наурыз айында Ауғанстанға көмек көрсету миссиясының жобасынан АҚШ пен Қытай арасында дау тудырып келген «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын алып тастау туралы талқыланған. Алайда, ҚК тұрақты мүшесі болған Қытай бұған қарсы болды.
2016, 2017 және 2018 жылдарға арналған қарарларда сауда мен транзитті жеңілдету жөніндегі Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ілгерілету және алға жылжыту жөніндегі барлық әрекеттер көрсетілген. БҰҰ-ның Ауғанстандағы қызметін ұзарту жөніндегі жаңа заңды қабылдау үшін кем дегенде тоғыз дауыс мақұлдауы және Қауіпсіздік кеңестің 5 тұрақты мүшесі (АҚШ, Ресей, Қытай, Франция және Британия) толық дауыс беруі керек.
Қытай аталған бағдарламасының ықпал көлемін кеңейту мақсатында Орталық және Оңтүстік Азияны қамтыған барлық халықаралық бағдарламаларға кіріктіруде. Қытай Сыртқы істер тарабы Ауғанстанға көмек миссиясының жалғасуын қолдайтынын білдірді. Алайда, Қытай бағдарламасының қабылданбауына орай миссияны ұзартуға вето қою аталған миссияның жалғасуына кедергі келтіруі де мүмкін.