Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Сүрия мәселесі туралы Еуропаға ескерту жасады. Ол мәлімдемесінде егер Түркияның Сүрия жерінің солтүстігінде қауіпсіз аймақ құру жоспарына қолдау білдірмесе, миллиондаған сүриялық босқындар Еуропаға ағылатынын ескертті.
«Логистикалық көмекке» мұқтаж екенін білдірген түрік президенті: «Бізге қолдау көрсетіңіздер, әйтпегенде мигранттарға жолды ашып беруден басқа шара жоқ», – деді. Бұнымен қоса Ердоған Сүрияның солтүстігіндегі қауіпсіз аймаққа миллионнан астам босқынды орналастыру туралы жоспарын да жеткізді.
Қазір Түркияның территориясында 3,5 млн-ға жуық Сириялық босқынның бар екені белгілі. Анкара «қауіпсіз аймақты» еліндегі босқындарды шығару үшін пайдаланып қана қалмақ емес. Бұны болашақта күрд қарулы топтарымен аралықтағы «буфферлік зона» ретінде де пайдаланбақ. Әрине, Сүрия жерінде мұндай қауіпсіз аймақ құру жоспарына АҚШ-та қызығушылық танытқаны белгілі. Алайда, өздерін Ислам мемлекеті» деп атаған қарулы топқа қарсы күресте сенімді одақтасы болған күрд қарулы күштері Анкараның жобасынан алаңдаулы. Олар «Қауіпсіз аймаққа» түрік армиясының келуін қаламайды.
Ал Ердоған болса: «Біздің мақсатымыз – миллионға жуық сүриялық бауырларымызды қауіпсіз зонаға көшіру. Мұндай зонаны 450 шақырымға созылған шекараны бойлай құратын боламыз. Бізге логистикалық қолдау көрсетіңіздер. Біз Сүрияның солтүстік шекарасынан 30 шақырымға дейін кіріп барып, босқындарға тұрар-жай құрамыз», – деді.
2016 жылы Еуропа Одағы мен Түркия Сүриялық босқындарға байланысты келісім жасаған. Келісім бойынша, Түркия шекараны қатаң бақылауға алып, сүриялық босқындарды Еуропаға өткізбейді. Бұның есесіне ЕО Түркияға 6 млрд евро көлемінде жәрдемақы береді. ЕО 5,6 млрд евро аударғанын мәлімдеген еді, алайда Анкара тек 3 млрд евро ғана алғанын айтуда.