АҚШ президенті Дональд Трамп Скрипаль ісіне байланысты Ресейге қарсы санкция енгізу туралы қаулыны бекітті. Кезекті санкция пакеті Ұлыбританияның Солсбери қаласында экс-тыңшы Сергей Скрипаль мен қызы Юлияның Ресейде жасалған «Новичок» қуатты химиялық қаруынан улануына қатысты.

Америкалық «The New York Times» және «Politico» басылымдарының мәліметінше, санкция күшіне енгеннен кейін ресейлік биржадағы өнімдер бағасы санаулы минуттар ішінде 1,5-2%-ға төмендеген. Бірнеше күн бұрын демократтар Ақ үй басшысының Ресейге қарсы санкция енгізуіне қарсы шыққанмен, Сенат бұл қаулыны бекітті.

New York Times тілшілерінің айтуынша, АҚШ-тың кезекті санкциясымен Уашингтонның Мәскеуге көрсетіп отырған қаржылық көмегіне тыйым салынуы мүмкін. Атап айтқанда, қаулы халықаралық ұйымдардың Ресейге несие беруіне және америкалық-ресейлік банктер арасындағы байланысқа қарсы бағытталмақ. АҚШ-тың бұл санкциясы 1991 жылы қабылданған Химиялық және биологиялық қару шығарушы мемлекеттерді қадағалау туралы заңға сүйеніп жүзеге асып отыр.

Биыл шілдеде Конгрессте өткен жиында қос демократ – Элиот Энгель мен Майкл Макколл президент Трампқа Ресейге қарсы санкциялардың екінші пакетін әзірлеу туралы ұсыныс білдірген. Демократтар тарабынан жазылған хатта: «2018 жылдың 27 тамызында күшіне енген санкциялар барлық талаптарға сай жүзеге асты. Химиялық және биологиялық қару шығарушы мемлекеттерді қадағалау туралы заң бойынша Ресейге санкциялардың екінші пакетін енгізуді сұраймыз. Себебі, Британияда орын алған жағдай тағы да қайталануы мүмкін», – делінген.

АҚШ соңғы жылдары Ресейге бірнеше мәрте санкциялар пакетін енгізді. Бір жыл бұрын Уашингтон Мәскеуге Скрипаль ісіне қатысты алғашқы санкцияларды енгізген. Қатаң қаулылардың алғашқы бөліміне шетелдік сарапшылар «айдаһардың соққысы» деп баға берді. Себебі, санкциялардың алғашқы пакеті Ресейдің жекелеген тұлғаларына (министр, денсаулық сақтау сала мамандары) енгізілгенімен, екінші пакеті ел экономикасын тығырыққа тіреген. Ал 2014 жылы ресми Уашингтон Қырым аннексиясы мен Донбасста орын алған қақтығысқа байланысты Мәскеу экономикасына бағытталған санкциялар тізімін жариялады.

"The Qazaq Times"