Қытай әскери әуе күштері Оңтүстік Қытай теңізіндегі Парасел аралдарына (Қытайда Шиша аралдары деп аталады) J-10 жауынгерлік ұшағын орналастырды. Бұл Қытайдың Оңтүстік Қытай теңізінде 12 жылдан бері алғаш рет аталған ірі әскери техникаларын пайдалануы.  

Көптеген елдің ақпарат құралдары Қытайдың бұл әрекетін Жапонияда өткелі жатқан «Үлкен жиырмалық» саммитінің алдында Оңтүстік Қытай теңізінің территория құқығына байланысты өз ұстанымын көрсетуі деп бағалаған.

Кеше, 20 маусым күні Америкалық CNN арнасы мен Британияның «Daily Mail» басылымы Қытайдың  төрт бірдей J-10 жауынгерлік ұшақтарының Парасел аралдарына орналастырғанын көрсететін суреттерді жария етті. Бұл суреттерді Израильдің ImageSat International атты екі барлау компаниясы түсірген.

АҚШ пен Аустралияның әскери мамандары Қытайдың бұл әрекетін өздерінің Оңтүстік Қытай теңізіндегі ықпалы мен қабілетін көрсету үшін жасаған деп қарайды. Мамандардың пікірінше, Қытай бұл әрекеттері арқылы қажет болған жағдайда Оңтүстік Қытай теңізінде әуе күштерін қолдана алатынын, әуе техникалары еркін ұшып қона алатын базаларының бар екенін көрсету. Сол арқылы аймақтағы елге өзінің күш-қуатын көрсетуді мақсат еткен.

Ал, Филиппиннің кейбір басылымдары жасанды жер серіктен түсірілген суреттерде Қытайдың J-10 ұшақтарынан тек төртеуі ғана көрінгенімен, Парасел араларында одан да көбірек қытайлық әуе күштері болуы мүмкін деп жазған.

Қалай болған күнде де, G20 саммитінің қарсаңында Қытайдың халықаралық даулы территориядағы әрекеттері әлем елдерінің, әсіресе Тынық мұхит жағалау елдерінің назарын өзіне аударды. Қытай Оңтүстік Қытай теңізінің басым көп аумағын өз территориясы ретінде қарайды. Бұл ретте ол аталған теңізге шектесетін Вьетнам, Малайзия, Филиппин секілді бірқатар елдермен территориялық таласқа түскен.

“The Qazaq Times”